«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы-тіл» деген Ахмет Байтұрсынов. Тіл-халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі-ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз.
Осыдан тура 32 жыл бұрын, яғни 22 қыркүйек 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып «Тіл туралы» заң қабылданды. Сонан соң егемендік алғаннан кейін 1995 жылы Ата заңымыздың 7 бабына сәйкес «Қазақ тілі-мемлекеттік тіл» болып айқындалды.
ХІХ ғасырдың аяғында жүргізілген санақ бойынша Қазақстанда жергілікті ұлт үлесі-81,1% болған. Яғни Қазақстанда ол кезде біртекті тілдік орта болған. Бұл тілдік ахуалмен Ресей билеушілері де санасуға мәжбүр болған. Қазақ даласында қызмет атқарған губернаторлар мен оның төңірегіндгілер тілмааштар ұстаған. Қазақша білу қазақ даласында қызмет атқаратын патша чиновниктеріне қойылатын қатаң талаптар қатарына жатқызылған. Сол жылдары қазақ даласында болған орыс ғалымы Г.Н. Потанин былай деп жазады: «Бар жерде қырғыз тілін ғана естисің-жол шетінде жантайып, әңгіме соғып жатқан қазақтар да, стансада өткінші шенеуніктің ат-арбасының маңында әбігерге түске ат айдаушылар да сол тілде сөйлейді.
Кейде тіпті сотта да солай әр кезеңде әр түрлі болды. Қазақ тіліне мемлекеттік дәреже беру туралы мәселе кеңес өкіметі жылдарында бірнеше рет көтерілді. 1920 жылы Қазақ АССР-і кеңестерінің бірінші құрылтай съезінде республикалық әр ұлт барлық мекемелер мен мектептерде ана тілін қолдануда тең құқылы деген шешім қабылданады. 1924 жылы қабылданған Қазақстанның 1-ші Конституциясы бойынша қазақ және орыс тілдері республикада мемлекеттік тіл болып табылады. Ал 1938 және 1978 жылдары қабылданған Қазақстан Конституцияларында мемлекеттік тіл жайында ашып ештеңе айтылмаған.
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»-деп айтқан екен атам қазақ.
Жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы-ұлттық тілдің сақталып қалуы болып табылады. Тіл меңгеруде ата-ананың ерекше екенін, әр отбасы өз баласына қазақ тілін сол нәресте кезінен үйретуді қолға алса, бұл тіліміздің еш бір қиындығы жоқ. «Ана тілін білмеген, халқын сүйіп жарытпас» демекші өз ана тілін білмеген жаннан, халқын сыйлайтын жанның шығуы екіталай. Шынында қазақ пен қазақ, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз зат. Бірақ қазақ тілі-тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл-ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі.
Дегенмен, осы күні егемендігімізге 32 жыл болса да, қазақ тілі Кеңес заманынан қалыптасып қалған орыс тілінің көлеңкесінде дамып келе жатқаны «ащы» шындық. Жасыратыны жоқ, тіліміз өз елінде, өз жерінде аса қажеттілікке айналмай, атына заты сай болмай, мәртебесі мемлекеттік болғанымен қоғамның барлық салаларында толыққанды қолданылмай келе жатқан мемлекеттік тіл болып отырғаны ақиқат.
Кез келген қазақ, қазақстандық бір-бірімен тек мемлекеттік тілде сөйлесетін уақыт келді. Тәуелсіздік қазаққа не берді десек, санамыз өсті, санамыз өркендеді, рухымыз жанданды. Рухымызбен бірге тіліміздің тұғыры да биіктеуі шарт.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»-деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен.
Осы орайда, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаса жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Жалпы айтқанда, кез келген елде тілдік ахуал өзгерген жағдайда тіл саясаты да жаңа талаптармен толығып отыратыны ақиқат. Жәнеде барлық елдерде мемлекеттік тілді білу заң арқылы міндеттелген.
Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде» Ендеше, тілімізді қадірлейік.
Қарағанды облысы
Әділет департаменті
атқару қызметін қамтамасыз
ету бөлімінің бас маманы Қ. Ибраимов