Меню

Страницы

Статья

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы

2018 жылы 5 шілдеде Қазақстан Республикасында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына қол қойылды, ол азаматтарға заң көмегін көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заңмен халықтың әлеуметтік осал топтарының, қиын өмірлік жағдайдағы тұлғалардың тегін негізде білікті заң көмегін алуы көзделген.  

Заңмен заң көмегінің келесі нысандары белгіленген: өтеулі негізде көрсетілетін заң көмегі (келісім негізінде), мемлекет кепілдік берген заң көмегі, кешенді әлеуметтік заң көмегі.

Заң көмегі өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттарымен, заң көмегін көрсетіп жүрген және заң көмегін көрсететін тұлғалардың міндетті мүшелікке негізделген коммерциялық емес ұйымдарында және заң консультанттарының палаталарында тұрмайтын жеке тұлғалармен көрсетіледі.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – бұл заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

1) мемлекеттік органдармен "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз;

2) адвокаттармен Заңда белгіленген тәртіппен;

3) нотариустармен "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтеусіз;

4) жеке сот орындаушыларымен "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекет кепілдік берген заң көмегін өзге тұлғалар өтеусіз көрсете алады.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.

Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;

         2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

         3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;

         4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.

         1 және 2-тармақтарда көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.

Өзіне құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы өтінішхатпен жүгінген тұлға:

         1) өзінің мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығын растайтын, тізбесін уәкілетті орган бекітетін құжаттарды ұсынуға;

         2) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шарттарына ықпал ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабарлауға;

         3) мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету қажеттігіне негіз болған ақпараттың анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.

Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.

         Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы жыл сайын бірінші желтоқсаннан кешіктірмей аумақтық әділет органына мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін жібереді.

         Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттар тізіміне қосудың артықшылықты құқығы кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсететін адвокаттарға беріледі.

         Тізімде адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні, адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысаны, адвокаттық қызметтің атауы және оны жүзеге асыру орны көрсетіледі.

         Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттардың тізімін кезең-кезеңімен жаңартып отырады және жаңартылған күйде ұстайды.

         Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімі заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен автоматты түрде қалыптастырылуы мүмкін.

Бұл жағдайда адвокатты таңдау заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін.

Әділет департаменті жыл сайын он бесінші желтоқсаннан кешіктірмей, адвокаттармен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.

Уәкілетті орган Республикалық адвокаттар алқасының ұсынымдарын ескере отырып әзірлейтін және бекітетін келісімнің нысанында адвокаттардың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағында тұратын халықты заң көмегімен толыққанды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері және оның шарттары қамтылуға тиіс.

         Әділет департаменті жыл сайын жиырма бесінші желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында жариялайды және өзінің интернет-ресурсына орналастырады. Қарағанды облысы әділет департаментінің ресми сайты www.krg.adilet.gov.kz

         Құқықтық консультация беру түріндегі, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету өтініш иесі өтініш жасаған кезде бірден адвокаттың қызметтік үй-жайында жүзеге асырылады.

Заң көмегін өтініш иесі өтініш жасағаннан кейін бірден көрсету мүмкін болмаған кезде, ол үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде көрсетілуге тиіс. Адвокат өтініш иесіне қабылдау күні мен уақыты туралы қолжетімді нысанда хабарлайды.

Егер өтініш иесі жүріп-тұруындағы қиындықтарға байланысты ауыр науқасы, мүгедектігі немесе өзге де мән-жайлар салдарынан адвокат белгілеген қабылдау орнына келе алмайтындай жағдайда болса, құқықтық консультация беру оның болатын жерінде жүргізіледі.

         Тұлға сол бір мәселе бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегін бір рет ала алады.

Құқықтық консультация беру, қорғау және өкілдік ету түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден төмендегі негіздердің бірі болған кезде бас тартылады:

1) өтініш иесі ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның 26-бабының 2-тармағында көзделген мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санатына жатпаса;

         2) өтініш иесі жүгінімнің құқықтық сипаты болмаса.

         Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне, іссапарлық, көліктік шығыстарға ақы төлеу және оның құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге байланысты басқа да шығыстарын өтеу қылмыстық қудалау органдарының қаулылары және соттардың ұйғарымдары бойынша жүргізіледі.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу үшін Қарағанды облыстық адвокаттар алқасына төмендегі мекен-жай бойынша жүгінуге болады: Қарағанды қаласы, Крылов көшесі, 11 үй, тел: 41-58-94.

 

 

Қарағанды облысы

Әділет департаментінің

бас маманы

Ғ.С.Әбдібаев

Дата публикации
15 июля 2021
Дата обновления
15 июля 2021
Тип
Талдамалық мақала

Сейчас читают

Талдамалық мақала
28 августа 2026
Мемлекет бақылауындағы  жылжымайтын мүлікке құқықтар мен кепілдерді тіркеу
Талдамалық мақала
28 августа 2026
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ НҰСҚАМАЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  БРЕНДТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ
Талдамалық мақала
28 августа 2026
Правовая защита товарных знаков

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы