Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жасағанын барлығымыз білеміз. Президент өз Жолдауында цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы екендігін атап өтті.
Еліміздің әр азаматы Жолдаудан ең алдымен өзінің күнделікті өміріне қатысты мәселелерді шешуге көмектесетін мәліметті іздейді. Ең бастысы, жолдаудағы Қазақстан экономикасы үшін цифрлық дәуірдің жаһандық сын-қатерлері мен мүмкіндіктері ескерілгені болды.
Шынында, әлем күрделі өзгерістер кезеңіне аяқ басып, жедел өзгеріп жатқан кезеңде еліміз Қазақстан үшін бұл саланы дамытудың өзектілігі өте жоғары болып отыр.
Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Цифрлік сауаттылық – бұл адамзат өмірінің барлық салаларында цифрлік технологияларды сенімді, тиімді, сыни және қауіпсіз қолдануға дайындығы және қабілеті. Цифрлік сауаттылық – ақпараттық қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі, жаңа ғасырдың ең маңызды білімі.
Қазақстан өмірінің барлық салаларын және экономикасын цифрландыру – бұл әлемдік аренада озат позицияларда болу, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндігі болып табылады. Елімізде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салалар цифрлы форматта дамып келеді. Бұл үрдіс қазірдің өзінде экономиканың құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа беріп отыр. Жаңашылдықты қолданып қана қоймай оны тиімді пайдалану арқылы біз бәсекелестікті арттыра аламыз.
Қазір Қазақстан Үкіметінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы – кең жолақты интернет желілері ауылдарымыздың бәріне бірдей жеткен жоқ. Осы олқылық таяу уақыттың ішінде еңсерілмек. Бұл бізге не үшін қажет? Бүкіл ел болып цифрландыру заманына қарай өту үшін қажет. Қазіргі ақпараттық технологиялар дегеніміз – цифрлы сана мен технологияларға қол жеткізудің басты алғышарты екендігі баршаға аян.
Қорыта айтқанда, Қазақстандағы цифрландыру – Қазақстан экономикасын дамыту қарқынын жеделдетуге және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған үдеріс болып табылады.
Қарағанды облысы
Әділет департаментінің
бас маманы
Ғ.С.Әбдібаев