Мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау - атқарушылық іс жүргізудің маңызды санаты болып табылады.
Бұл істер бюджет қаражатын толықтыруға ықпал етеді.
Атқарушылық іс жүргізудің негізгі бөлігін соттар да, уәкілетті органдар да салатын әкімшілік айыппұлдар құрайды.
ҚР ӘҚБтК-нің 893-бабына сәйкес айыппұлды әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұл салу туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама заңды күшіне енген күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс.
Айыппұл осы Кодекстiң 888-бабында көзделгендей кейiнге қалдырылған жағдайда, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға оны кейінге қалдыру мерзімі өткен күннен бастап төлеуге тиiс.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін салынған айыппұлды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджетке жеке тұлға енгізеді немесе заңды тұлға аударады.
Айыппұлды заңмен белгіленген мерзім өткеннен кейін ерікті түрде төлеу орындалмаған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 894-бабының 3-бөлігіне сәйкес «Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс iстемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаса, қаулыны шығарған сот, уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату үшiн сот орындаушысына жiбередi».
Осылайша, егер құқық бұзушы жазаны өз еркімен орындаудан бас тартқан жағдайда ғана, оны мәжбүрлеп орындау туралы шешім қабылданады.
ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның (әрі қарай – Заң) 31-бабына сәйкес, сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану үшін негіз болып табылады.
Заңның 32-бабына сәйкес сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
Сот актілерін орындау кезінде проблемалық мәселелердің туындауын болдырмау үшін, азаматтарға бұрынан бар қарыздарды, сондай-ақ басқа да атқарушылық құжаттарды оларды мәжбүрлеп орындауға дейін төлеу бойынша уақтылы шаралар қабылдауға кеңес береміз.
Атқару өндірісін
қамтамасыз ету бөлімі