Жолдауының басында Президент елдегі мемлекеттік бағдарламалар мен шенеуніктер санына тоқталды. Ол елдің көлемді емес, халық түсінетін ықшам мемлекеттік бағдарламаларға көшу керегін ескертті. Сонымен қатар, шенеуніктер санын 25 пайызға қысқартуды тапсырды.
"Мемлекеттік қызметтің жүйесін қайта қарау керек. Пандемия мен мемлекеттік органдағы көптеген қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру мемаппаратты қысқарту керек екенін көрсетті. Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторын қысқарту мерзімін жылдамдатуды тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға қысқарту қажет. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктерді 25 пайызға қысқарту тапсырмасын 2021 жылы шешіп боламыз. Нәтиже мен цифрландыруға байланысты тағы да қысқарту мәселесін қараймыз", - деді ол. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы үнемделген қаражат арқылы қалған қызметкерлердің жалақысы арттырылатынын айтты.
Тұрғындар үшін жолдаудағы маңызды тапсырмалардың бірі - зейнетақыға қатысты. Президенттің тапсырмасы бойынша, келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл реформа тұрғындарға зейнетақы жинағына ақша салуға стимул болады.
Енді тұрғындарға несие алу қиындауы мүмкін. Себебі Президент жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату керек екенін айтты. Оның айтуынша, қаржы секторындағы жағымсыз фактордың бірі тұтынушылық сегмент пен бизнесті несиелеу арасындағы теңгерімсіздік болып отыр.
"Тұтынушыларға тоқтаусыз, кейде жауапсыз несие беруді нормативті түрде тоқтату керек. Бұл әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Азаматтардың тиісті деңгейде қаржылық сауаттылығының тиісті деңгейде болмауы оларға кредит өнімдерін негізсіз беруге себеп болмауы керек. Биыл менің тапсырмам бойынша нормативтік-құқықтық база өзгертілді. Қарыз алушының төлем қабілетіне талап айтарлықтай күшейді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы жолдау барысында білім беру саласын да айналып өтпеді. Ол қашықтан білім беру үшін әлі нақты онлайн-платформа жасалмағанын сынады. Сондықтан, ол "Толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет" екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мәселесіне тоқталып, олардың жалақысы өсетінін айтты.
"Білім саласындағы басты мәселелердің бірі - ұстаздар жалақысының аздығы. 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді", - деді Президент.
Мұғалімдерден бөлек Тоқаев дәрігерлерді де ұмыт қалдырмады. Ол пандемия бұл саланың қандай маңызды екенін көрсеткенін айтты.
"Пандемия әкелген дағдарыс көп нәрсені үйретті. Мысалы, дәрігерлер еңбегін бағалау. Себебі бұрын медицина қызметкерлері мемлекеттің назарынан тыс қалған еді. мамандықтың маңызы материалдық көмекпен де анықталу керек", - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бала таба алмай жүрген отбасыларға қалай көмек көрсетілетінін айтты. Ол үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. Президенттің тапсырмасымен ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейтіледі.
"Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңсаған сәби" арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек", - деді Президент жолдауында.
Балаларға қатысты тағы бір тапсырма бар, ол 2025 жылға дейін балалардың 100 пайызын балақбақшамен қамтуды тапсырды.
Жолдау барысында Президент елдегі жемқорлықпен күрес мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері енгізілуі керек. Мемлекет басшысы жемқорлық мәселесіне қоғамды тарту маңызды екенін атап өтті.
Қарқаралы ауданаралық сот актілерін орындау
жөніндегі аумақтық бөлімінің
басшысы –аға сот орындаушысы
А.Я.Армиева