2021 жылы қазақтың ғұлама заңгері Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толады. Қазақ заң ғылымының патриархы атанған әйгілі академик, ұлағатты ұстаз Салық Зиманов 1921 жылдың 2-ші сәуірінде Атырау қаласында дүниеге келген. Заң саласына өлшеусіз үлес қосқан Салық Зиманов бар ғұмырын ел мен жер мүддесіне арнаған тұлға.
Халқымыздың парасатты ұлы халқын жанындай сүйе білудің ең жарқын символына айнала білген ғалым. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерін бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде де үлкен рөл атқарды.
Атамыздың Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлігін ескере отыра, ол кісінің нағыз қаһарман екеніне де назар аударған жөн. Әсіресе, оның «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталғаны, даңқты қолбасшы, маршал К.К.Рокоссовскийдің тікелей басшылығымен шайқасқаны және соғысты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен бірдей әскери шенде – полковник дәрежесінде аяқтағанының өзі Салық Зимановты халықтың ұлы деп толық айтуға болады. Соғыстан кейін Гурьев, Алматы қалаларынының Прокуратурасында тергеуші болып жұмыс істейді. Жұмыспен қатар оқудан қол үзбей Бүкілодақтық сырттай заң институтының Қазандағы филиалында білім алады. Бірақ Салық Зиманов 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ұлттық Ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, 30-дан астам ғылым докторы мен кандидаттарын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде бар. Мемлекет теориясы мен тарихы, саяси және құқықтық ілімдер тарихы, конституциялық құқық, қазақтың ата заңдары және заң ғылымының өзекті мәселелеріне арналған көптеген монографиялар мен ғылыми еңбектер жазып, соңына 10 томдық мол ғылыми-шығармашылық мұра қалдырды. Туған елінің гүлденуі жолында өлшеусіз еңбек еткен Салық Зиманов Қазақ мемлекетінің маңызды құжаты «ҚазКСР-нің егемендігі туралы Декларацияның» редакциялық жобасын дайындау комиссиясын басқарды. Жоғарғы Кеңесте 1990 жылы 25 қазанда «ҚазКСР-нің егемендігі туралы Декларациясын» қабылдау барысында негізгі баяндамашы ретінде сөз алған С.Зиманов оның қажеттігі туралы ғылыми негізделген баяндама жасады.
1991 жылдың 16 желтоқсаны қабылданған тарихи маңызы бар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң жобасын дайындаған комиссияның мүшесі болды. Қазақтың ата заңдарын жіктеп-жіліктеп, үлкен еңбек жазған, соңына өшпес мұра қалдырған ғалымның мерейтойының дайындық шаралары 2020 жылдан бастап жүргізілуде, қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізіліп жатыр.
Егемендіктің 30 жылдық мерекесі тәуелсіздігімізді нығайтуда үлкен рөл атқарған, білім-білігімен молайтқан, қазақстандық патриотизмді қалыптастырған, ғылыми мұрасымен ғана емес, барша іс-әрекеті, болмыс-бітімімен үлгі-өнеге болған Салық Зимановтың өзі өмірден өтсе де, есімі, мұрасы, өлген жоқ.
Қарағанды облысы әділет департаментінің
әкімшілік бөлімінің бас маманы
Ж.К.Абишева