«Мемлекеттік тіл – Менің тілім»
Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы - мемлекеттік тілді меңгеру. Мемлекеттік тіл – қай елдің болсын даму құрылымын қалыптастыруда және оның әлемдік қауымдастықтағы өзіндік орнын анықтап, нақтылау үдерісінде саяси-экономикалық, саяси-идеологиялық әрі қоғамдық-әлеуметтік маңызды қызмет атқарады. Қоғам мүшелеріне білім мен ғылым тіл арқылы беріліп, халыққа қызмет етеді. Елімізде тіл мәселесіне аса көңіл бөлініп, қазақ тілін дамытуға көп күш салынды.
Қазақстанның қарқынды дамып әлем көшінен қалмай, қазіргі заманға лайық болуы, Елбасы атап көрсеткендей, ұлттық білім беру жүйесінің сапалық деңгейі мен сол білімнің қай тілде берілуіне де байланысты. Елдің ертеңі – жастар қолында. Оларды дүниетанымы кең, ой-өресі биік, парасатты азамат етіп өсіріп шығару үшін сапалы білім берумен қатар оларға тағылымды тәлім-тәрбие берілуі керек. Ал өскелең ұрпаққа сапалы білім мен отаншылдық тәрбие беру тіл арқылы жүзеге асатыны баршаға мәлім ақиқат.
Білім мен тәрбиені мемлекеттік тіл арқылы беру үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Оны жан-жақты дамытпайынша, қазақстандық жас ұрпақты өз Отанын қадірлеп-қастерлеп сүйетін парасатты азамат етіп шығару қиын шаруа екені анық.
Ел тәуелсіздігі –тіл тәуелсіздігі, тіл-ұлттың төлқұжаты, мемлекеттік тұғыры демекші, осы бағыттағы болашақтың берік іргетасы бүгін қалануы қажет.