Еліміздің Ата заңында биліктің қайнар көзі халық деп көрсетілсе, сол халықтың біртұтастығын сақтайтын тілі ғана. Егеменді, азат, дербес ел боламын деген мемлекеттің,ең алдымен көздейтіні – тіл мәселесі.
Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды. Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллин қазақ тілінің кеңсе тіліне айналмай көсегесінің көгермейтінін баяағыда-ақ айтып кеткен болатын. Ғасыр жаңарса да, сол талаптың үдесінен шыға алмай отырғанымыз ұят та болса, шындық. Ісқағаздарын қазақшалауға заң жүзінде талап қойылмағанымен, іс жүзінде құжат атаулыда орысша ойқастап жүр.
Сондықтан көптеген талап арыздардың дені орыс тілінде жазылады, себебі азаматтардың көбінің құқықтық сауаты жоғары болмағандықтан, көмек сұрап кәсібей заң біліктілігі бар мамандарға жүгінеді. Ал олардың көбі мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар, соған байланысты шағымданушы қазақша сөйлеп отырса да арызын орысша жазып береді.
Ал тіл әуелгі кезекте елдіктің, ұлттық намыстың мәселесі. Сондықтан, кеңсе іс-қағаздарындағы мемлекеттік тіл мәселесі айрықша назарымызда болуы керек. Қазіргі кезде құжаттар орыс тілінде келіп түсіп жатса да, жауап мемлекеттік тілде жолданып жатыр. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардан кеткен барлық шығыс құжаттар, сұрау-арыздарына жауап мемлекеттік тілде және аудармасы қоса жіберіліп тұрады.
Біз қазақ тілінің мәртебесін асқақтату мақсатында іс-шаралар жүргізудеміз. Мысалы мемлекеттік тілді қолдануға арналған семинар сабақтар, мемлекеттік ұйымдар өкілдермен «дөңгелек үстелдер», оқу орындарында лекция сабақтары өткізіліп, мақалалар БАҚ шығарылып тұрады. Бұл іс-шаралар өз арамызда, сонымен бірге мемлекеттік ұйымдар арасында іс қағаздардың жүргізілуі сауатын арттыруға және дұрыс қолдануға ықпал ететіні сөзсіз.
Бұл өзі бәрімізді толғандырып жүрген мәселе екені анық, менің ойымша әркім бірінші өзінен бастағаны жөн. Әрине бұл жерде мен ешкімге күйе жағайын деп отырған жоқпын, бірақ бәрімізде күнделікті өмірде орысша терминдерді қосып жіберетініміз анық, соған қарамастан қоспауға тырыспаймыз, неге себебі қазақ тілі деп сыртымыз жылтырағанымен дүрсілдеп соққан жүрегіміз тіл деп соқпайтыны өкінішті. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпын арамызда тіл қадірін білетін жандар да бар. Бірақ аз, міне мені қынжалтатыны да осы, ақсап жатқан тілімізден аттап өте бергенше қолтығынан демеп аяғына тұрғызайық, бұл баріміздің қолымыздан келеді деп сенем!.
Әкімшілік бөлімінің
бас маманы К.А.Абеуова