Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сәйкес (бұдан әрі - Заң), жоғары заң білімі бар, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған, адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын және Заңмен регламенттелетін адвокаттық қызмет шеңберінде кәсіптік негізде заң көмегін көрсететін Қазақстан Республикасының азаматы адвокат болып табылады.
Сот әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеті шектеулі деп таныған не заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адам адвокат бола алмайды.
Адвокаттар алқасында тағылымдамадан ойдағыдай өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді.
Адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензия адвокаттық қызметпен айналысуға берілген рұқсат болып табылады және оны үміткер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен және шарттарда тағылымдамадан және аттестаттаудан өткеннен кейін лицензиар береді.
Адвокаттар алқасының мүшелiгiне қабылдауды, алқа мүшелiгiнен шығаруды, адвокаттардың тағылымдамадан өтушiлерiнің тағылымдамадан өтуін аумақтық адвокаттар алқаларының төралқалары ұйымдастырады.
Адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған тұлғалар Қарағанды облыстық адвокаттар алқасына Қарағанды қаласы, Крылов көшесі, 11 үй мекен-жайы бойынша өтінішпен жүгініп, адвокаттар алқасының төралқасы мүшелерінің шешімімен алқа мүшелігіне кіре алады.