Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңымен реттелген. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға бағытталған жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу осы Заңның негізгі мақсаты болып табылады.
Жылжымайтын мүлікке мынадай құқықтар құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады: 1) меншік құқығы; 2) шаруашылық жүргізу құқығы; 3) оралымды басқару құқығы; 4) кемінде бір жыл мерзімге жер пайдалану құқығы; 5) үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына кемінде бір жыл мерзімге сервитуттар.
Өзге құқықтар құқық иеленушілердің қалауы бойынша тіркелуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлікке құқықтардың мынадай ауыртпалықтары құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады: 1) кемінде бір жыл мерзімге пайдалану құқығы, соның ішінде жалға беру, өтеусіз пайдалану, сервитуттар, өмір бойы қарауында ұстау құқығы, рента; 2) сенімгерлікпен басқару құқығы, оның ішінде қорғаншылық, қамқоршылық кезінде, мұралық құқық қатынастарында, банкроттықта және басқаларында сенімгерлікпен басқару құқығы; 3) кепіл; 4) тыйым салу; 5) мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде жылжымайтын мүлікті пайдалануға, оған билік етуге немесе белгілі бір жұмыстарды орындауға шектеу қоюы (тыйым салуы); 6) басым мүдделерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жылжымайтын мүлікке құқықтардың өзге ауыртпалықтары.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
Тіркеуші орган жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық және сәйкестендіру сипаттамалары туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйеден алады;
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу құқық иесінің, мәміле тараптарының (қатысушыларының), мемлекеттік органның (оның уәкілетті өкілінің) немесе өзге де уәкілетті адамдардың тіркеуші органға берген өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (өтініш берушінің уәкілетті өкілі) өзінің жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуге және мынадай құжаттарды:
1) белгіленген үлгідегі мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті;
2) тіркеу объектісін растайтын құқық белгілейтін құжатты ұсынуға тиіс. Жер учаскесіне құқықтарды (ауыртпалықтарды) тіркеген жағдайда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты ұсынылады. Жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға берген кезде құқықтарды (талаптарды) басқаға беру туралы шарт (активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт) ұсынылады;
3) жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркегені үшін ақы төлегенін растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Мемлекеттік цифрлық ресурстар болып табылатын, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті мәліметтерді тіркеуші орган электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден алады.
Цифрлық тіркеу құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мәміле, мұраға құқық туралы куәлік, меншік құқығы туралы куәлік негізінде туындаған, өзгерген немесе тоқтатылған жағдайларда, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
Қарағанды облысы Әділет департаментінің
Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және
тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімі