Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің азаматтарына азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құжаттарды сұрату бөлігінде құқықтық көмек көрсету мақсатында өзара іс-қимыл 1993 жылғы 22 қаңтарда Минск қаласында қабылданған және 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» конвенциялар, сондай-ақ халықаралық шарттар мен келісімдер (бұдан әрі – Конвенциялар) шеңберінде жүзеге асырылады.
2002 жылғы Конвенцияның (Кишинев конвенциясы) 120-бабының 3-тармағына сәйкес, осы халықаралық шартқа қатысушы мемлекеттер (Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы) арасындағы қатынастарда 1993 жылғы «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» конвенция және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы Хаттама (Минск конвенциясы) өз күшін тоқтатады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Молдова Республикасымен, Грузиямен және Түрікменстанмен өзара құқықтық қатынастарында 1993 жылғы Конвенция (Минск конвенциясы) қолданысын жалғастырады.
Украинамен, Абхазия Республикасымен және Латвия Республикасымен хат алмасу халықаралық сыпайылық және өзара түсіністік қағидаттары негізінде жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасында аталған мемлекеттермен халықаралық шарттар жоқ).
Халықаралық келісімдері жоқ мемлекеттермен өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық қызмет департаменті арқылы жүзеге асырылады, әдетте бұл Еуропа елдеріне қатысты.
Конвенцияларды, келісімдерді және халықаралық шарттарды орындау – азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін құқықтық көмек көрсету талап етілетін жағдайларда бүкіл республика бойынша мемлекеттің мүддесін білдіру болып табылады. Конвенцияларды іске асыру жалпы алғанда халықаралық әлеуметтік маңызға ие.
Конвенцияларды орындау барысында құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмалардың мазмұнына, нысанына, қарым-қатынас жасау тәртібіне, тапсырмаларды орындауға, құжаттарды жолдауға және басқа да рәсімдерге бірқатар талаптар қойылады.
Конвенциялар шеңберінде азаматтық хал актілерін тіркеуге қатысты құжаттар, атап айтқанда азаматтық хал актілері туралы қайталама куәліктер, акт жазбаларының көшірмелері, анықтамалар және басқа да құжаттар сұратылады.