Борышкерге қойылатын шектеу шаралары Сот актілерінің орындалуы – заң үстемдігінің басты көрсеткіштерінің бірі. Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу барысында борышкерлерге қатысты заңда көзделген мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 33- бабына сәйкес, борышкер берешегін өтемеген жағдайда, оған бірқатар уақытша шектеулер қойылуы мүмкін.
Соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығуға уақытша тыйым салу шарасы бар. Бұл шара сот орындаушысының қаулысы негізінде қабылданады және борышкер өз міндеттемесін толық орындағанға дейін күшінде болады.
Шектеудің негізгі мақсаты – азаматтарды сот шешімдерін уақытылы орындауға ынталандыру.
Қазіргі таңда алимент, несие, салық, айыппұлдар және өзге де қарыздар бойынша берешегі бар азаматтарға қатысты осындай шаралар жиі қолданылуда.
Тәжірибеде бұл тетік борышкерлердің қарыздарын өтеуіне оң әсерін тигізіп келеді.
Осыған орай азаматтарға берешек мәселесіне жауапкершілікпен қарап, атқарушылық құжат талаптарын уақытылы орындау ұсынылады.
Заң талаптарын сақтау – қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықтың кепілі.