Меню

Страницы

Статья

Президент

Президент

IV. «Президент» бөлімі жария билікті ұйымдастырудың жаңа моделін ескере отырып тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды.

III бөлім унитарлық мемлекет үшін оңтайлы нысан ретінде президенттік басқару жүйесін сақтай отырып, оның институционалдық құрылымын жаңғыртады. Президент бұрынғыдай мемлекет басшысы, Конституцияның, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі және халық бірлігінің символы болып табылады. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес келеді.

Осылайша, модельдің сабақтастығы сақталады, бірақ оны іске асыру тетіктері нақтыланып, жүйе неғұрлым тұрақты әрі болжамды бола түседі.

1.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауын өткізу мерзімі нақтыланады — ол өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде екі ай бұрын өткізілуі тиіс (бұрын — желтоқсанның бірінші жексенбісі болатын). Сонымен қатар Президент сайлауының Парламенттің электоралдық циклімен сәйкес келмеуі туралы талап сақталады (43-баптың 3-тармағы).

2.

Конституцияның 41-бабының Президент шешімімен тағайындалатын кезектен тыс президенттік сайлау туралы бұрынғы 3-1-тармағы алынып тасталады.

Бұл ретте кезектен тыс сайлауды тағайындау өкілеттігі жаңа Конституцияның 51-бабына сәйкес Құрылтайға берілгенін атап өту қажет.

Мұндай тәсіл алқалылық пен институционалдық жауапкершілікке негізделген жария биліктің неғұрлым теңгерімді моделін қалыптастырады. Бұл Германия тәжірибесіне сәйкес келеді, онда негізгі электоралдық шешімдер парламентпен байланысты.

3.

Ант қабылдау мерзімдері нақтыланды.

Қызметке кірісудің нақты уақыт шеңберлері өтпелі кезеңдегі тәуекелдерді азайтып, рәсімдердің созылып кетуіне жол бермейді (44-бап).

Бұл өкілеттіктің басталу сәтін нақты айқындауға және өтпелі кезеңдегі құқықтық белгісіздікті болдырмауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жоғары мемлекеттік органдар қызметінің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі.

4.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 46-бабы мемлекеттік билік архитектурасын қайта пайымдау тұрғысынан ең маңызды жаңалықтардың бірі болып табылады.

Аталған бапқа сәйкес Президент негізгі лауазымдарды тағайындайды және қызметтен босатады, атап айтқанда:

  • Конституциялық Сот Төрағасын;

  • Жоғарғы Сот Төрағасын;

  • Ұлттық Банк Төрағасын;

  • Бас Прокурорды;

  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын;

  • Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын;

  • Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасын;

  • Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын;

  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын;

  • Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді.

Мемлекет басшысының бастамашылық рөлі өкілді органның міндетті келісімін алу қажеттілігімен үйлеседі, бұл билік теңгерімін және ортақ жауапкершілікті қамтамасыз етеді.

Құрылтай келісімді қайта-қайта беруден бас тартқан жағдайда оны тарату құқығы превентивтік сипатқа ие және саяси күштерді диалог пен ымыра іздеуге ынталандырады.

Ұлттық қауіпсіздікті, қаржылық тұрақтылықты және заң үстемдігін қамтамасыз ететін органдар басшыларын Президенттің жеке өзі тағайындау құқығы оның мемлекеттік билік органдарының келісімді жұмыс істеуіне жауапты Мемлекет басшысы ретіндегі конституциялық рөлімен негізделеді.

Мұндай құрылым билік тармақтарының жалпы тепе-теңдігін бұзбай, мемлекеттік жүйенің басқарылуын және тұрақтылығын арттырады. Бұл Франция Конституциясындағы мемлекеттің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Президентке ерекше өкілеттіктер беру қағидаттарымен үндеседі.

5.

Президенттің Құрылтай уақытша болмаған кезеңде заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігін бекіту институционалдық вакуумды болдырмауға және мемлекеттің заң шығару функциясының үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған (47-баптың 2-тармағы).

6.

Конституцияның 48-бабының 1-тармағындағы Президенттің мәртебесі мен жауапкершілігі туралы ережелер бұрынғы белгісіздікті жоя отырып, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің нақты шектерін белгілейді.

Бұл Конституция үстемдігі қағидатын нығайтып, сонымен бірге Президент институтын саяси себептермен қысым жасаудан қорғайды.

7.

Осы бөлімнің 49-бабы мемлекеттік биліктің жаңа институты — Вице-Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған.

Оны енгізу жоғары жария биліктің болжамдылығын, тұрақтылығын және орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тұжырымдамалық жаңалық болып табылады.

Президенттің Вице-Президентті Құрылтай келісімімен тағайындау тәртібін бекіту заң шығарушы органның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін күшейтеді.

Президент мәртебесіне ұқсас шектеулердің (депутаттық мандатқа тыйым салу және т.б.) белгіленуі Вице-Президенттің саяси бейтараптығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған.

Вице-Президенттің Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылындағы өкілі ретіндегі функцияларын бекіту Мемлекет басшысына түсетін жүктемені азайтып, мемлекеттік басқарудың жеделдігін арттырады.

Сонымен бірге оның өкілеттіктерін Президент айқындайтын икемді модель бұл лауазымның функцияларын мемлекеттің даму міндеттеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.

Салыстырмалы-құқықтық тұрғыдан алғанда Вице-Президент институты президенттік басқару нысанындағы бірқатар мемлекеттерде де бар. Мысалы, Бразилияда Вице-Президент «Президент болмаған жағдайда оны алмастырады және лауазым бос қалған жағдайда қызметке кіріседі», сондай-ақ халықаралық іс-шаралар мен ресми сапарларда мемлекет атынан өкілдік функцияларды орындайды.

Дата публикации
13 мая 2026
Дата обновления
13 мая 2026
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Талдамалық мақала
28 августа 2026
Мемлекет бақылауындағы  жылжымайтын мүлікке құқықтар мен кепілдерді тіркеу
Талдамалық мақала
28 августа 2026
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ НҰСҚАМАЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  БРЕНДТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ
Талдамалық мақала
28 августа 2026
Правовая защита товарных знаков

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы