Мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын іргелі негіздер нығайтылып, күшейтілді.
I бөлім — «Конституциялық құрылыс негіздері» — мемлекет ұйымдасуының конституциялық негіздерін айқындайтын, Егемендік, Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және өзге де аса маңызды қағидаттарды бекітетін іргелі ережелерді қамтиды.
Конституцияның бірінші бабында Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, ал адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең жоғары құндылықтары болып табылатыны нақты айқындалған. Бұл норма бұрынғыдай өзгеріссіз және мызғымас күйінде сақталады.
Аталған норманың өзгеріссіз сақталуы мемлекеттік құрылымның бүкіл жүйесі құрылатын тұрақты конституциялық негіздің бекітілгенін білдіреді. Бұл бұрын бекітілген ережені жай қайталау емес, оның саяси немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өзгеруіне қарамастан қайта қарауға жатпайтын іргелі сипатын растау болып табылады.
Мемлекеттік құрылыс пен басқару нысанын бекітетін норма жаңа редакцияда тұжырымдалды, онда мемлекеттік құрылымның әрбір құрамдас бөлігіне нақты назар аударылған (2-баптың 1-тармағы): унитарлық мемлекет — президенттік республика.
Президенттік басқару нысанын бекіту Мемлекет басшысының билік жүйесіндегі ерекше рөлін айқындайды, соның ішінде оның мемлекеттік органдарды қалыптастыруға және олардың келісімді қызметін қамтамасыз етуге қатысуын қамтиды.
Унитарлық мемлекеттік құрылым ел аумағының, құқықтық жүйенің және жария билік жүйесінің біртұтастығын білдіреді, мұнда ел ішінде дербес мемлекеттік құрылымдардың болуына жол берілмейді. Бұл Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында басқарудың орталықтандырылуын және құқықтық реттеудің біркелкілігін қамтамасыз етеді.
Мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидаттарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мен астанасының мәртебесі конституциялық заңмен реттелетін болады (2-баптың 3 және 4-тармақтары).
Бұл мәселелерді конституциялық заң деңгейінде реттеу оларға жоғары заңдық маңыздылық пен тұрақтылық берілетінін білдіреді.
Мемлекеттіліктің негізгі әрі қол сұғылмайтын негіздері ретінде Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық құрылым, аумақтық тұтастық және басқару нысанының өзгермейтіні туралы нормалар осы бөлімге енгізілді, бұл кез келген конституциялық өзгерістердің шегін белгілеп, оларды қайта қарауға жол бермейді (2-баптың 7-тармағы).
Бұл ережелерді қайта қарауға жатпайтын нормалар ретінде бекіту мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ететін орнықты «конституциялық өзекті» қалыптастырады.
Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары қайта қаралып, түбегейлі кеңейтілді.
3-баптың 1-тармағына сәйкес мұндай қағидаттарға мыналар жатады: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті нығайту; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбекқорлық, прогресс және білім құндылықтарын орнықтыру; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; ұлттық мәдениетті қолдау.
Аталған қағидаттар терең мәнге ие және алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр.
Қағидаттар тізбесі егемендік, адам құқықтары мен заң үстемдігі сияқты дәстүрлі конституциялық құрылым элементтерін ғана емес, сондай-ақ қоғам дамуының әлеуметтік, мәдени және құндылықтық бағдарларын да қамтиды. Бұл құқықтық және институционалдық факторлармен қатар қоғамдық, мәдени және дүниетанымдық факторларды ескеретін мемлекеттік дамудың неғұрлым кешенді моделіне көшуді білдіреді.
Олардың әрқайсысы қоғам сұранысын білдіреді және Әділетті Қазақстан құруға бағытталған дәйекті стратегиялық бағытты растайды.
Мемлекеттің ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында осы бөлімде адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуды Қазақстан Республикасының стратегиялық қызмет бағыты ретінде тану туралы норма көзделген (3-баптың 2-тармағы).
Аталған бағыттарды стратегиялық деп бекіту оларды ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың басымдықтарының қатарына енгізуді білдіреді. Бұл адам капиталын, ғылым мен инновацияны дамыту тұрақты экономикалық өсудің және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі ретінде қарастырылатынын көрсетеді.
«Республикалық референдум» ұғымын «бүкілхалықтық референдум» ұғымымен ауыстыру (4-баптың 2-тармағы) референдум институты мен халық егемендігі қағидаты арасындағы конституциялық байланысты күшейтуге бағытталған.
Егер бұрынғы тұжырымдама республикалық басқару нысанымен байланысты көрсетсе, жаңа редакция бүкіл халықтың егемендіктің иесі ретіндегі қатысуын тікелей айқындайды.
«Бүкілхалықтық» ұғымын қолдану мұндай дауыс берудің саяси маңыздылығының жоғары деңгейін қосымша көрсетеді, өйткені оның нәтижесі конституциялық қатынастардың бірыңғай субъектісі ретіндегі халықтың топтасқан еркін білдіреді.
Жария биліктің бірлігін және оның жалпы мемлекеттік мақсаттарға бағытталуын айқындау үшін Конституция мәтінінен «тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі» туралы тікелей еске салу алынып тасталады, сонымен қатар билік тармақтарының келісімді өзара іс-қимылы сақталады (4-баптың 4-тармағы).
Мұндай тәсіл жария билікті бірыңғай басқару жүйесі ретінде қабылдауды күшейтеді, онда әртүрлі мемлекеттік институттар өз өкілеттіктері шеңберінде әрекет етеді, бірақ сонымен бірге конституциялық мақсаттарды іске асыруға ортақ бағыттылықты сақтайды.
Бұл әсіресе мемлекеттік реформаларды дәйекті жүргізу қажеттілігі жағдайында маңызды, өйткені басқарудың тиімділігі көп жағдайда шешімдердің келісімділігі мен институционалдық өзара іс-қимылға байланысты болады.
Сонымен бірге бұл өзгеріс билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлуден бас тартуды емес, олардың өзара шектеуінен жалпы мемлекеттік міндеттерге қол жеткізудегі келісімділікті қамтамасыз етуге басымдық беруді білдіретінін түсіну маңызды.
Елдің қолданыстағы құқығына қатысты конституциялық ережелер қайта қаралды (5-бап):
– халықаралық шарттар мен заңдардың қолданылуы мен арақатынасы мәселелерін Конституция мен салалық заңдарға сәйкес жалпы құқықтық жүйе шеңберінде шешу ұсынылады;
Бұл өзгеріс халықаралық және ұлттық құқықтың өзара әрекеттесуін реттеуде жүйелілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Конституция жалпы құқықтық негізді бекітсе, халықаралық шарттарды қолдану мен олардың заңдармен арақатынасының нақты тетіктері салалық заңнама деңгейіне беріледі.
– Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі тек заңдармен айқындалатыны нақтыланды (бұрын заңнамамен) (5-баптың 3-тармағы);
– құқықтық реттеудің болжамдылығын арттыру мақсатында бапқа кері күші бар нашарлататын заңдарға тыйым салу және неғұрлым «жеңіл» заңды қолдану туралы норма енгізілді (бұрын VII бөлімде — «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» қарастырылған) (5-баптың 5-тармағы).
Неғұрлым «жеңіл» заңды қолдану конституциялық реттеудің гуманистік бағытын көрсетеді.
– елдің жекелеген аумақтарында «қаржы саласында» (АХҚО) немесе «жедел даму қаласы» (Алатау) ретінде арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі туралы жаңа ереже енгізіледі. Негізгі мақсат — елдің экономикалық дамуының жедел қарқынын қамтамасыз ету (5-баптың 6-тармағы).
Бұл норманы бекіту мемлекеттің экономикалық дамудың арнайы құралдарын пайдалану жөніндегі конституциялық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ерекше құқықтық режимі бар аумақтарды құру бизнеске, инвестицияларға, қаржылық операцияларға және заманауи басқару шешімдерін енгізуге икемді жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аталған тетіктерді іске асыру мемлекеттің унитарлық қағидатын мүлтіксіз сақтай отырып жүзеге асырылады, бұл құқықтық жүйенің бірлігін сақтауды білдіреді. Арнайы құқықтық режимдерді енгізу тек әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуге бағытталған және конституциялық құрылым негіздеріне әсер етпейді.
Ашықтық пен айқындық қағидаттарын қамтамасыз ету мақсатында шетел мемлекеттерінің қоғамдық бірлестіктері, саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне қатысты нормалар нақтыланды (6-баптың 3 және 4-тармақтары).
Саяси партиялардың, кәсіптік одақтардың және қоғамдық бірлестіктердің қызметі азаматтардың мүдделерін білдірумен тікелей байланысты болғандықтан, мұндай үдерістердің жасырын сыртқы ықпалсыз қалыптасуы аса маңызды.
Осыған байланысты Конституция деңгейінде саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетел мемлекеттері, халықаралық ұйымдар, шетел азаматтары және олармен байланысты заңды тұлғалар тарапынан қаржыландыруға қатысты шектеулер жеке бекітіледі.
Мұндай реттеу қоғамдық-саяси қызметті қолдау көздерін анағұрлым айқын етеді және ішкі саяси үдерістерге сыртқы ықпал ету тәуекелдерін төмендетеді.
Сонымен қатар Конституцияның 6-бабында қоғамдық бірлестіктер қызметіне қатысты конституциялық шектеулер сақталып, қоғамдық бірлестіктер еркіндігі мен конституциялық құрылысты қорғау қажеттілігі арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етіледі.
Зайырлы мемлекет қағидаттарын, сондай-ақ азаматтардың діни сенімдеріне қарамастан теңдігін қамтамасыз ету мақсатында діннің мемлекеттен бөліну қағидаты тікелей бекітіледі (7-бап).
Меншік құқығын қоғам мен мемлекет мүддесіне сай жүзеге асыру қағидаттары, қоршаған ортаға зиян келтірмеу және басқа тұлғалардың құқықтарын бұзбау шартымен нақтыланды (8-баптың 2-тармағы).
Бұл нақтылау меншік құқығын қоғамдық жауапкершілікпен тығыз байланысты құқық ретінде қазіргі заманғы түсінуді дамытады.
Практикалық тұрғыдан алғанда, меншік иесінің құқықтарын жүзеге асыру мүлікті пайдаланудың салдарларымен сәйкес келуі тиіс дегенді білдіреді. Егер меншікті пайдалану экологиялық зиян келтірсе, басқа тұлғалардың құқықтарын бұзса немесе қоғамдық маңызы бар мүдделерге әсер етсе, мұндай құқықты жүзеге асыру оның конституциялық мақсатының шегінен шығады.
10-бапта Қазақстанның сыртқы саясатының негіздері жаңартылды. Олар — халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтеу, бейбітшілік пен ынтымақтастық рухындағы сыртқы саясат жүргізу.
Бейбітшілік пен ынтымақтастық рухындағы сыртқы саясатты бекіту ерекше назар аударуға лайық. Мұндай тәсіл мемлекеттің халықаралық беделі үшін ғана емес, елдің ішкі дамуы үшін де маңызды тұрақты сыртқы саяси ортаны қалыптастыруға ықпал етеді, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестициялар, ғылыми алмасулар және азаматтардың қауіпсіздігі үшін де маңызды.