Тіл – ұлттың жан дүниесі, рухани тірегі, өткеннің аманаты, болашақтың темірқазығы. «Тілге құрмет – елге құрмет» деген бір ауыз сөздің астарында терең мағына, ұлт тағдыры, ұрпақ жауапкершілігі жатыр. Қай халықтың болмасын мәңгілік болуы – оның тіліне деген құрметінен басталады.
Қазақ халқы ежелден сөздің киесін білген, тілдің қадірін түсінген. «Өнер алды – қызыл тіл» деген мақал да тілдің мәртебесін көрсетеді. Тарих беттеріне үңілсек, халқымыз бодандықта жүріп, ана тілін сақтап қалу үшін жан аямай күресті. Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалар тілдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі – елдің есінде мәңгі қалуы тиіс өсиет. Бүгінде ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы – тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі. Алайда тіл тек заңмен қорғалса ғана емес, халықтың жүрегінде орын алғанда ғана мәңгілік болмақ. Қазіргі таңда кей ортада орысша немесе ағылшынша сөйлеу сәнге айналып бара жатқаны – ойлантарлық жағдай. Бұл – ана тілін менсінбеу емес, оған көңілдің аз бөлінуі. Ал шындығында, өз тілінде сөйлеу – өз еліңді сүюдің ең шынайы көрінісі.
Қазақ тілінің байлығы мен көркемдігі – әлемдегі ең шұрайлы тілдердің бірі екені даусыз. Тілдің сұлулығы – оның шешен сөздерінде, мақал-мәтелдерінде, термелері мен жырларында. Біз осы мұраны сақтап, насихаттай білсек, тіліміз де, еліміз де мәңгі жасайтыны анық. Сондықтан тілге құрмет – елге деген шынайы құрмет.
Жас ұрпаққа тіл үйрету – әр отбасының, әр мұғалімнің, әрбір саналы азаматтың борышы. Мектеп қабырғасынан бастап ана тіліне сүйіспеншілік қалыптаспаса, болашақта ұлт болмысы әлсірейді. Ана тілінде ойлап, ана тілінде сөйлей білген ұрпақ қана елдің ертеңін жарық ете алады. Өз тілін қадірлеген адам – өз ұлтын сүйетін азамат. Ендеше, тілімізді құрметтеу – тек міндет емес, ол – абыройлы парыз.
Қарағанды қаласының мәжбүрлеп
орындату жөніндегі аумақтық бөлімі