Тауар таңбасы бір заңды және жеке тұлғалардың тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін басқа тұлғалардікінен дараландыруға қызмет ететін зияткерлік меншік объектілерінің бірі болып табылады.
Бір өндірушілердің тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін басқа өндірушілердікінен ажырату үшін пайдаланылатын, ажыратып-таныту қабілеті бар кез келген сөздер, әріптер, сандар, суреттер, бейнелер, көлемдік белгілемелер, логотиптер, заттаңбалар немесе олардың үйлесімдері, тіркестер тауар таңбасы бола алады.
Барған сайын көптеген елдер тауар таңбаларының онша дәстүрлі емес түрлерін, атап айтқанда, жекелеген түстерді, көлемдік белгілемелерді, (бұйымдардың немесе қаптамалардың пішімдерін), дыбыстық белгілемелерді (дыбыстарды) немесе иіс сезу белгілемелерін (иістерді) тіркеуге де жол беріп келеді. Дегенмен, көптеген елдер тауар таңбасы ретінде тіркеле алатынға қатысты бірқатар шектеулер белгілеп, әдетте, көзбен көрілетін немесе графикалық түрде ұсыныла алатын таңбаларды ғана тіркеуге жібереді.
Тауар таңбасының (қызмет көрсету таңбасының) негізгі мақсаты тұтынушыларға қандай да бір құқық иеленушінің тауарларын дараландыру және оларды бәсекелестер ұсынатын ұқсас немесе біртектес тауарлардан ажырату мүмкіндігін беру болып табылады.
Бұған қоса, тауар таңбалары (қызмет көрсету таңбалары) компаниялардың өз тауар таңбалары бар тауарлардың жағымды беделді пайдалануы үшін өз өнімінің сапасын сақтау мен әрі қарай жақсартуына салатын инвестицияларын өсіруін ынталандырады.
Бірегей, мұқият әзірленген және ілгері жылжытылатын тауар таңбасы көпшілік компаниялар үшін бағалы іскерлік актив болып табылады. Кейбір компаниялар үшін ол ең бағалы актив болуы да мүмкін. Рейтинг жүргізетін компаниялардың бағалауы бойынша әлемде барынша әйгілі тауар таңбаларының (APPLE, Microsoft, Coca-Cola, IBM) құны ондаған миллиард АҚШ долларымен есептеледі. Мысалы, 2015 жылы APPLE Corp. корпорациясының тауар таңбасының құны $246,99 млрд.-ты құрады, iPhone пен iPad өндірушінің артында Google тұр, оның тауар таңбасының құны - $ 173,65 млрд., Microsoft - $115,5 млрд., сегізінші орында Coca-Cola - $83, 841 млрд. Бұл тізім нарықтағы жағдайға қарай ұдайы өзгеріп отырады.
Құқық иеленушілердің көпшілігі өз тауарларын бәсекелестердің өнімінен ажыратып-тану үшін тауар таңбаларын пайдаланудың маңызды рөлі барын түсінсе де, оларды таңбаларды тіркеу арқылы қорғау қажет екенін бәрі бірдей түсіне бермейді.
Тауар таңбасын қорғау оны тіркеуден басталады.
Тауар таңбасын тіркеу – күрделі міндет емес.
Тауар таңбалары туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылған, белгілемені тауар таңбасы ретінде тіркеу осы тіркелген таңбаның иесі – компанияға басқалардың өз тауар таңбасын немесе онымен адам айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас таңбаны пайдалана отырып, ұқсас немесе біртектес тауарларды сатуына немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынуына тыйым салудың айрықша құқығын береді.
Қазақстан Республикасында ұлттық жүйе бойынша тіркеу және халықаралық жүйе бойынша қорғау ұсыну рәсімін Ұлттық зияткерлік меншік институты жүзеге асырады және ол тауар таңбаларын тіркеу жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттарда жазылған.
Барлық тауар таңбалары Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасының (ТКХС) 45 сыныбына топтастырылған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты тіркеледі.
Қазақстан Республикасының аумағында тауар таңбасын тіркеудің қолданылу мерзімі өтінім берілген күннен бастап 10 жылды құрайды және ол тауар таңбасының иесі қалаған кезде ұзартылуы мүмкін.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 100 000-нан астам тауар таңбасы/қызмет көрсету таңбасы тіркелген және қорғалып отыр.
Бұл тұтынушылардың тауар таңбаларын, олардың тауар таңбасымен сабақтасатын беделін, имиджі мен сапасын жоғары бағалайтынына және өздері мойындайтын, өздерінің сұраныстарын қанағаттандыратын тауар таңбасы бар өнімге көбірек төлеуге дайын екеніне байланысты. Осылайша, жағымды имиджі мен беделі бар тауар таңбасының болуы ғана оның иесіне бәсекелес күресте артықшылық береді.
Мұндай тіркеу болмаған кезде нарықта өнімді ілгері бастаруға салынатын инвестиция құр әурешілік болып шығуы мүмкін, өйткені бәсекелес компаниялар ұқсас немесе біртектес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты бірдей немесе адам айырғысыз дәрежеде ұқсас тауар таңбасын пайдалануы мүмкін. Бұл ретте тұтынушылар бұл өнім немесе көрсетілетін қызмет тіркелген тауар таңбасының иесі – компаниянікі деп ойлап, бәсекелестің тауарын сатып алып (көрсетілетін қызметін пайдалана отырып) жаңылысуға ұшырауы ықтимал. Бұл тауар таңбасына ие компанияның кірістерін қысқартып, тұтынушыларды жаңылыстырып қана қоймай, оның, әсіресе, егер бәсекелестің өнімінің (немесе көрсетілетін қызметінің) сапасы анағұрлым төмен болса, беделі мен имиджіне нұқсан келтіре алады.
Тіркелген тауар таңбасы басқа компанияларға лицензия беру нысанасы болып табылып, компания үшін қосымша кіріс көзін қамтамасыз етеді.
Тауар таңбасын тіркеу онымен бірдей немесе адам айырғысыз дәрежеге дейін ұқсас тіркелмеген тауар таңбасымен соқтығысқан жағдайда, неғұрлым сенімді қорғауды ұсынады. Көпшілік адамдар өз кәсіпорнын және өзінің фирмалық атауын кәсіпорындар мен ұйымдардың тізіліміне тіркеу автоматты түрде осы атауға тауар таңбасы ретінде қорғау береді деп есептейді. Бұр барынша кеңінен таралған шатасу. Сондықтан да фирмалық атаулар мен тауар таңбаларының арасындағы айырманы ажырата білу қажет.
Фирмалық атау – бұл сіздің кәсіпорынның толық атауы, мысалы: компанияны сәйкестендіретін «Alina Managment.» ЖШС немесе «РАХАТ» АҚ. Сонымен бір мезгілде, компанияға сан алуан түрлі тауар таңбалары тиесілі болуы мүмкін. Бұл ретте өз фирмалық атауын өз тауар таңбасының құрамдас бөлігі ретінде пайдалануға жол беріледі.
Тауар таңбасын таңдаған кезде әдетте қандай белгілемелер тауар таңбасы ретінде тіркелмейтінін білген жөн. Барлық белгілемелер тауар таңбалары ретінде тіркеле алмайды. Тауар таңбасы ретінде тіркеуге жол бермейтін себептер бар.
Белгілі бір түрдегі тауарларды (көрсетілетін қызметтерді) белгілеу үшін жалпыға ортақ тұтынуға енген; жалпыға ортақ қабылданған символдар мен терминдер болып табылатын; тауарлардың түрін, сапасын, санын, қасиетін, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ оның шығарылған немесе сатылған жері мен уақытын көрсететін, жалған немесе жаңылысуға ұшырата алатын, сондай-ақ қоғамдық мүдделерді, ізгілік пен моральдылық қағидаттарын және басқаларды бұзатын белгілемелер тауар таңбасы ретінде тіркеле алмайды.
Тауар таңбасын әзірлеген кезде оның жасаушылары тауар таңбасы – бұл, іс жүзінде компанияның визиттік карточкасы екенін ұмытпауы қажет, егер ол жеңіл танылып, эстетикалық және жаңа, айырма элементтерді қамтитын болса – жақсы.
Бүгінгі күні экономикалардың жаһандануы, арнайы экономикалық аймақтарды құру, Кеден одағына мүше болу құқық иеленушілер арасында барынша қатаң бәсекелестік күреске жол ашып отыр. Қазір Қазақстанның аумағында қорғалуға ие әрбір шетелдік құқық иеленуші өзінің айрықша құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін өз мүдделерін белсенді түрде қорғауда, олар да отандық құқық иеленушілер секілді өз құқықтарының өз таңбасы қорғалатын шет мемлекетте бұзылмауын қадағалап отырады.
Сол себептен, өнеркәсіп меншік объектісі болып саналатын тауар таңбасы бүгінгі күні зияткерлік меншік нарығындағы бәсекеге қол жеткізе алатын бірден бір құрал екенін ұмытпау қажет.
Зияткерлік меншік
құқықтары бойынша
бөлімі