Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi – Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлген, қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы нормативтік құқықтық актілердің электрондық жүйесі болып табылады.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Хабаршысы» ресми баспасөз басылымдары болып табылады.
Заңнамалық актілерді ресми жариялауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, конкурстық негізде осындай құқық алған мерзімді баспа басылымдары да жүзеге асырады.
Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде де электрондық түрде жүзеге асырылады.
Нормативтік құқықтық актілерді алғашқы ресми жариялау олар күшіне енген күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс.
Құқық қолдану практикасында нормативтік құқықтық актілердің ресми жарияланымдары пайдаланылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актілер ресми жарияланғаннан кейін ғана оларды бейресми жариялауға жол беріледі.