Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзу тараптары болып табылады.
Атқарушылық құжатта көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады. Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше немесе борышкер (бірге қатысушылар) қатыса алады. Олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүргiзуге дербес қатысады. Атқарушылық құжат бойынша борышкерге оның өзi ғана орындай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктелген жағдайларды қоспағанда, бірге қатысушы атқарушылық іс жүргізуде өз мүдделерін қорғауды, басқа бірге қатысушыға оның келісімімен тапсыруы мүмкін.
Борышкердің атқарушылық іс жүргізудегі құқықтары мен міндеттері "атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" ҚР Заңының (бұдан әрі-заң)16-бабында көзделген. Атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен, оның ішінде электрондық нысанда танысуға, олардан үзiндi көшірмелер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы. Атқарушылық іс жүргізу тараптары өздеріне берілген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ Заңның талаптарын орындауға міндетті.
Борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты және орналасқан жерінің өзгергені, сондай-ақ жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті. Борышкер атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, сондай-ақ шақырған жағдайларда сот орындаушысына келуге міндетті. Келмеуі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.