Адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен Адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамның облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әділет департаменттеріне www.egov.kz, www.elicense.kz "электрондық үкiмет" веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды. Жеке практикамен айналысатын нотариустан немесе мемлекеттік нотариустан тағылымдамадан сәтті өткен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер, "Нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ жеке тұлға "Жеке сот орындаушы қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидаларына 1-қосымшаның 8-тармағында көрсетілген құжаттарды жолдайды.
Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар түскен күнен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе портал арқылы жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті беруші құжаттар тіркелген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді, ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда өтінішті қабылдаудан бас тартуды дайындайды.
Көрсетілетін қызметті алушының аттестаттауға жіберу туралы құжаттарын көрсетілген қызметті беруші құжаттар тіркелген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.
Аттестаттауға жіберілген көрсетілетін қызметті алушыны аттестаттауға жіберу туралы шешім қабылданған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде аттестаттауды өткізу орны, күні, уақыты, тәртібі туралы көрсетілетін қызметті беруші оның қысқа мәтіндік хабарламаның абоненттік нөміріне немесе портал арқылы "жеке кабинетке" беру арқылы хабардар етеді.
Аттестаттау екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған кешенді компьютерлік тестілеу (адвокаттық қызмет бойынша – 100 сұрақ: Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – 10, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы – 5, "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы – 10; нотариаттық қызмет бойынша – 100 сұрақ: Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Жер кодексі – 15, Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексі – 15, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – 10, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы – 5, "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы – 10, "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы – 15; жеке сот орындаушыларының қызметі бойынша – 100 сұрақ: "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы – 45, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi – 10, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі – 10, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi – 5, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi – 5, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі – 5, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – 15, Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексі – 5).
2) практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге арналған компьютерлік тестілеу (3 ситуациялық жағдай бойынша 12 сұрақ).
Үміткерлердің Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын білуін тексеруге арналған сұрақтардың жауабының біреуі дұрыс болған кемінде төрт нұсқасы болады.
Практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге арналған сұрақтарда бір дұрыс жауаппен кемінде үш нұсқасы қамтылады.
Аттестаттауға келген кезде көрсетілетін қызметті алушының өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжаты не цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) цифрлық жеке куәлігі болуы қажет.
Көрсетілетін қызметті алушы аттестаттаудан өз таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде өтеді.
Аттестаттауды өткізу кезінде көрсетілетін қызметті алушының анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиеттерді қағаз, электрондық және өзге де жеткізгіштерде, қабылдайтын-беретін электрондық құрылғыларда (оның ішінде мобильдік телефондар мен өзге де электрондық жабдықтар) пайдалануға жол берілмейді. Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда Тестілеу операторы көрсетілетін қызметті алушыны ағымдағы аттестаттаудан шеттете отырып, бұзушылық туралы акт жасайды.
Аттестаттаудан шеттетілген көрсетілетін қызметті алушы шешім шығарылған күннен бастап 3 (үш) ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы өтінішті қайта бере алады.
Заңнаманы білуге арналған кешенді компьютерлік тестілеуді орындауға бөлінген жалпы уақыт - 90 (тоқсан) минут (100 сұрақ).
Практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге арналған тестті орындауға бөлінген жалпы уақыт - 60 (алпыс) минут (3 практикалық жағдайға 12 сұрақтан кем емес).
Егер дұрыс жауаптар саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 % (жетпіс) және одан астамын құраса, көрсетілетін қызметті алушы заңнаманы білуге арналған кешенді компьютерлік тестілеуден өткен болып есептеледі және практикалық дағдылардың тиісті деңгейін тексеруге компьютерлік тестілеудің екінші кезеңіне жіберіледі.
Көрсетілетін қызметті алушы аттестаттаудың екі кезеңінен оң нәтижемен өткен кезде аттестаттаудан өткен болып есептеледі.
Аттестаттаудың әрбір кезеңінен өту нәтижелерін Тестілеу операторы көрсетілетін қызметті берушіге көрсетілетін қызметті алушы аттестаттаудың соңғы кезеңінен өткеннен кейін 1 (бір) жұмыс күн ішінде жібереді.
Аттестаттауға келмеген көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады. Бұл ретте ол аттестаттауға жіберу туралы өтінішті қайта бере алады.
Қарқаралы ауданаралық мәжбүрлеп орындату
аумақтық бөлімінің
басшысы –аға сот орындаушысы
А.Я.Армиева