Алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат.
«Атқарушылық іс-жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 93-бабына сәйкес борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ борышкердің мүлкі болмаған немесе өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқа да өндіріп алу бойынша қолданылады.
Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушiге немесе борышкер одан кіріс алатын тұлғаға жiбередi.
Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi немесе борышкер одан кіріс алған тұлға бұл жөнiнде сот орындаушысына үш күн мерзімде хабарлама жiберуге міндетті.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 165-бабына сәйкес алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орны бойынша ұйымның лауазымды адамы алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде төленген күнінен бастап алуға жататын оның жалақысынан және өзге де кірісінен алимент алатын адамның пайдасына ай сайын алимент ұстап қалуға және оны алимент төлеуге міндетті адамның есебінен жалақының және өзге де кірістің төленген күнінен бастап үш күн мерзімнен кешіктірмей төлеуге немесе аударуға міндетті.
Төлеушіден ұсталған, бірақ алушыға уақтылы аударылмаған алиментті төлеуді кешіктіргені үшін жауапкершілік ұйымның лауазымды адамына жүктеледі.
Қарағанды облысы Әділет департаменті
Атқару өндірісін қамтамасы ету бөлімінің бас маманы
Нуртазина Дана Кылышпаевна