Меню

Страницы

Статья

Борышкердің мүлкінен өндіріп алу тәртібі туралы

 


Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Заңның 7-тарауында "негізгі қағидалар" 1-параграфында борышкердің мүлкін анықтауды, тыйым салуды, бағалауды және сақтауды қамтитын борышкердің мүлкінен өндіріп алу сатысы көзделген (55-71-баптар). №2/2017 атқарушылық іс жүргізу туралы Заңның 55-бабының 1-тармағы борышкердің мүлкінен өндіріп алу оны алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп өткізуді не өндіріп алушыға беруді қамтитынын көрсетеді.
Атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша сомаларына, оның iшiнде банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда тұрған ақша сомаларына да қолданылады.
Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу олар ұсынылған соң борышкердiң келiсiмiне қарамастан немесе олардың сақталу орнына қарамастан табылған соң дереу жүргiзiледi.Борышкердiң қолма-қол ақша сомалары, оның iшiнде борышкер кассасының сейфiнде сақтаулы және осы кассаның оқшауланған бөлмесiнде немесе борышкердiң өзге де бөлмелерiнде сақтаулы ақша сомалары, егер олардың борышкерге тиесiлi екендiгi анық белгiлi болса, табылғаннан кейiн дереу алып қойылуға тиiс.
Борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша сомасы болмаған кезде, өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке қолданылады. Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе бір кезектегі өндіріп алушылардың және борышкердің жазбаша келісуімен мүлікті алдын ала бағалап, осы Заңның 68-бабына сәйкес, оны өткізбей, сол қалпында өндіріп алушыға немесе бір кезектегі өндіріп алушыларға беруге құқылы. Өндіріп алушы немесе бір кезектегі өндіріп алушылар борышкердің мүлкін заттай қабылдаған кезде, атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар сомасын және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын берілген мүліктің құнына мөлшерлес өтейді. Мүлікті заттай берген жағдайда, беруді жүзеге асыратын сот орындаушысы талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында сот салған ауыртпалықтарды қоспағанда, осы мүлікке басқа сот орындаушылары салған ауыртпалықтардың күшін жояды.
Орындау жөніндегі шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар ескеріле отырып, атқарушылық құжатты орындау үшiн қажеттi мөлшерде және көлемде борышкер мүлкiнен өндiрiлiп алынады.
Борышкердiң басқа мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, өндiрiп алу борышкердiң атқарушылық құжат бойынша құны өндiрiп алу мөлшерiнен асатын мүлкiне қолданылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда мүлiктi сатқаннан түскен сома, атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алынған сома мен орындау жөнiндегi шығыстар, сондай-ақ жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу жөніндегі сомалар шегерiле отырып, борышкерге қайтарылады.Борышкердің іздеу салуда болуы оның мүлкінен өндіріп алуға кедергі болып табылмайды.
Атқарушылық құжатта көрсетілген белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қойып, оларды өндiрiп алушыға өткізу актiсiн жасай отырып бередi.
Борышкердің банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасына, сондай-ақ жалақысына және борышкердің кірістерінің өзге де түрлеріне өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ортақ мүліктегі үлесіне өндіріп алуды қолдануды сот орындаушысы прокурор санкциясымен жүзеге асырады.
Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған кезде, егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктiк жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
Егер орындау барысында борышкер-заңды тұлғаның немесе дара кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
Белгiленген тәртiппен банкрот деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алуды қолдану Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, өндіріп алуды мүлікке қолдану Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен борышкердің құқықтық мирасқоры айқындалғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
Борышкердің өзіне қойылған, кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыруы үшiн басқа да мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда кепiл ұстаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген құқықтары сақтала отырып, кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу жүргiзiлуi мүмкiн.

Борышкерде кепілге салынбаған мүлкі жеткіліксіз болған кезде борышкердің мүлкіне кепіл құқығы жоқ өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын мүлікті және ипотекалық тұрғын үй қарызы міндеттемесі бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлікті қоспағанда, кепілге салынған мүлікке өндіріп алу сот ұйғарымы негізінде талаптары кепіл ұстаушының талабынан басым болатын, кепіл ұстаушылар болып табылмайтын өндіріп алушылардың мүдделеріне қолданылуы мүмкін. Өндіріп алуды кепілге салынған мүлікке қолдану туралы сот ұйғарымы кепіл ұстаушыны, өндіріп алушыны және борышкерді сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар ете отырып, сот орындаушысының өтініші бойынша сот отырысында шығарылады. Мүлікті өткізу кепілге салынған мүлікті өткізу қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Бұл жағдайда талаптар осы Заңның 110-112-баптарында белгіленген кезектілік тәртібімен өткізілген мүліктің құнынан қанағаттандырылады.
Кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзінде қалдыру туралы мәлімдеуге құқылы. Бұл жағдайда ол кепілге салынған мүліктің өтімді (бағалау құнының жетпіс пайызынан аспайтын) құны шегінде кепіл ұстаушының талаптары алдында артықшылығы бар өндіріп алушылардың талаптарын кепіл ұстаушының кепіл бойынша өзінің барлық талабын толық қанағаттандыру үшін қажетті мүлік құнынан асатын құн мөлшерінде қанағаттандыруға міндетті.
Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомалары мен басқа да мүлкiнен өндiрiп алу
Борышкердiң басқа адамдардағы ақшалай сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады.
Борышкердiң банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндiрiп алуды сот орындаушысы инкассолық өкiм шығару арқылы жүзеге асырады. Инкассолық өкiмге жеке сот орындаушысының не аумақтық бөлімнің мөрімен расталған атқарушылық құжаттардың көшiрмелерi қоса беріледі. Атқарушылық құжаттар көшiрмелерінің дұрыстығы үшін жеке сот орындаушысы не аумақтық бөлім басшысы - аға сот орындаушысы жауаптылықта болады.
Мыналарға:
1) мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға және (немесе) электрондық ақшаның электрондық әмияндарындағы электрондық ақшаға;
2) тұрғын үй төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
2-1) тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйге ақы төлеу мақсатында төлемдер мен субсидияларды есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
3) тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түріндегі тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаға;
4) нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаға;

5) "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаға;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
6) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының банктік шоттардағы активтеріне;
6-1) инвестициялық портфельді басқарушының орындалмаған міндеттемелері бойынша осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
6-2) номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлғаның орындалмаған міндеттемелері бойынша номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын осы тұлға клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;
7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
8) клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын қаржы құралдарына;
9) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдерінің негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жинақтар түрінде екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаға;
10) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға;
11) әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға;
12) "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызу үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Инкассолық өкім берілген банктік шотта ақша болмаған не жеткіліксіз болған кезде ақшаны өндіріп алу борышкердің теңгедегі не төлем жасалған күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп айқындаған тәртіппен белгіленетін валютаның нарықтық айырбастау бағамы қолданыла отырып, шетелдік валютадағы басқа банктік шотынан (шоттарынан) жүргізіледі. Осы тармақта көзделген жағдайларда инкассолық өкімді сақтау және орындау оның толық орындалуына не клиенттің таратылуына немесе клиенттің банктік шотында бір жылдан астам уақыт ақша болмауына байланысты банктің банктік шотты жабуына дейін борышкердің банктік шоттарына ақшаның түсуіне қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен жүргізіледі.

Атқарушылық құжат ішінара орындалған кезде сот орындаушысы атқарушылық құжатқа төленген сома туралы белгі қояды.
Инкассолық өкім шығарған жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған не одан айырылған кезде, атқарушылық іс жүргізу берілген жеке сот орындаушысы банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға төлем құжатын кері қайтарып алу туралы өкімді, атқарушылық құжатты өзінің іс жүргізуіне қабылдау туралы қаулыны жібереді және осымен бір мезгілде жаңа инкассолық өкім шығарады.
Ортақ мүліктегі үлестен өндіріп алу.
Борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен өндіріп алу кезінде сот орындаушысы мүліктің меншік иелеріне хабарлауға және оларға борышкердің ортақ мүліктегі үлесін басымдықпен сатып алу құқығын ұсынуға міндетті. Үлестің құны маманның жазбаша қорытындысы негізінде хабарламада көрсетіледі.
Тыйым салынған мүліктің қосалқы меншік иесі басымдықпен сатып алу құқығын іске асыра алатын мерзім Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалады және борышкердің мүлкіне тыйым салынғаны туралы қосалқы меншік иесіне хабарланған күннен бастап есептеледі.
Қосалқы меншік иелеріне хабарлау олардың тұрғылықты (болатын) жерінің белгісіздігі, тұрғылықты жерінде болмауы және басқа да дәлелді себептер салдарынан мүмкін болмаса, ортақ мүліктегі үлесті сату мүлікті тізімдегеннен кейін отыз күн өткен соң жүргізілуі мүмкін.
Борышкердің үлесінің мөлшері туралы құжаттар болмаған және (немесе) борышкердің ортақ мүліктегі үлесіне балама нақты мүлікті айқындау мүмкіндігі болмаған кезде ортақ мүлікті бөлу, сондай-ақ осы мүліктегі үлестерді айқындау және борышкердің үлесін бөліп шығару сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі.
Ортақ мүліктегі борышкердің үлесін сату осы Заңда көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
Өндiрiп алуды қолдануға болмайтын мүлiк
Борышкерге меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, борышкерге және оның асырауындағы адамдарға қажеттi мүлiктiң мына түрлерiне атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алуды қолдануға болмайды:
Yй жасауының заттары, керек-жарақтар:
1) аң терiсiнен тігілген және басқа да бағалы киiм-кешектер (eгep ең төмен күнкөрiс деңгейiн қамтамасыз ету үшiн оны алмастыра алатын өзге де киiм-кешек бар болса), асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киiм-кешек, аяқ киiм, іш киім, төсек-орын жабдығы, ас үй және асхана керек-жарақтары;
2) борышкерге және оның отбасы мүшелерiне ең аз мөлшерде қажеттi жиhаз (әрбiр адамға бiр төсек пен бiр орындықтан, отбасына бiр үстел, бiр шкаф және бiр сандық);
3) балаларға арналған барлық жабдықтар.
Егер борышкердiң негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, борышкер мен оның отбасы үшiн жаңа астыққа дейiн қажетті мөлшердегі тамақ өнiмдерi, шаруашылық құрылыстары және борышкер мен оның отбасының қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға қажеттi мөлшердегі үй малы, сондай-ақ малға арналған жем-шөп, ал басқа жағдайларда - тамақ өнiмдерi және жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын мөлшердегi ақша.
Тамақ даярлауға және отбасының тұрғын үй-жайын жылытуға арналған отын.

Борышкер соттың үкiмiмен белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе ол құрал-сайманды қылмыс жасау үшiн пайдаланған жағдайларды қоспағанда, борышкердiң кәсiби қызметiн жалғастыруына қажеттi құрал-сайман (оның iшiнде оқу құралдары мен кiтаптар).
Мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына арнайы арналған көлік құралдары, мүгедектігі бар адамдардың техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдары мен арнаулы жүріп-тұру құралдары.
Борышкер марапатталған халықаралық, мемлекеттiк және өзге де жүлделер.
Клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) кепілдік немесе резервтік қорларына жарналар, маржалық жарналар, қор биржасының сауда жүйесінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындалуын толық және (немесе) ішінара қамтамасыз ету болып табылатын мүлік.
Сауда-саттық ұйымдастырушылардың сауда жүйелерінде ашық сауда-саттық әдісімен және (немесе) орталық контрагенттің қатысуымен жасалған репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке осы репо операциялары жабылғаннан кейін ғана өндіріп алу қолданылуы мүмкін.

 

Дата публикации
06 сентября 2023
Дата обновления
06 сентября 2023
Тип
Талдамалық мақала

Сейчас читают

Талдамалық мақала
28 августа 2026
Мемлекет бақылауындағы  жылжымайтын мүлікке құқықтар мен кепілдерді тіркеу
Талдамалық мақала
28 августа 2026
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ НҰСҚАМАЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  БРЕНДТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ
Талдамалық мақала
28 августа 2026
Правовая защита товарных знаков

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы