Меню

Страницы

Статья

Адвокаттың және заң консультантының әрекеттеріне шағымдану

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек туралы Заңының (бұдан әрі- Заң) 72 бабының 1 тармағына сәйкес, адвокатты тәртіптік жауаптылыққа тартуды адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жүзеге асырады.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) сайлайтын және оған есеп беретін, адвокаттар алқасының тәуелсіз органы болып табылады. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы шешімдерінің міндетті сипаты болады.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының құрамына адвокаттар алқасының ұсынуы бойынша кемінде бес жыл адвокаттық практика өтілі бар алты адвокат, әділет органдары ұсынған жұртшылықтың үш өкілі, отставкадағы екі судья енгізіледі.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының төрағасы адвокат болып табылады.

Дәл сол бір адам адвокаттардың тәртіптік комиссиясында бір мерзімнен артық бола алмайды.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы туралы ережені және тәртіптік жауаптылыққа тарту рәсімін Республикалық адвокаттар алқасы белгілейді.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.

Заңның 72 бабының 2 тармағына сәйкес, тәртіптік істі адвокаттардың тәртіптік комиссиясы бұзушылық анықталған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде қарайды. Тәртіптік іс жүргізу адвокат еңбекке уақытша жарамсыз болған және ол іссапарда болған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін. Тоқтата тұру мерзімі тәртіптік істі қараудың жалпы мерзіміне қосылмайды.

Тәртіптік істі қарау кезінде адвокаттардың тәртіптік комиссиясы өзінің отырыстарына шағымдар жолдаған тұлғаларды, сондай-ақ адвокаттар алқасының өздеріне қатысты шағымдар қаралатын мүшелерін шақыруға міндетті.

Әділет органдары тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы ұсыну енгізген жағдайда, оның міндетті түрде қаралуы әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген көрсетілген тұлғалардың келмеуі тәртіптік іс жүргізуді қарауға кедергі болмайды.

Адвокаттың осы Заңның, Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексінің, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын, Республикалық адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқаларының шешімдерін бұзғанын көрсететін жеткілікті негіздердің болуы тәртіптік іс жүргізуді қозғауға негіз болып табылады.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокатқа мынадай тәртіптік жазалау шараларын қолдануға құқылы:

      1) ескерту;

      2) сөгіс;

      3) қатаң сөгіс;

    4) Заңның 60-бабында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен адвокаттар алқасынан шығару.

Адвокаттың тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тек бір тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.

Тәртіптік жаза ол анықталған күннен бастап бір айдан аспайтын, бірақ ол жасалған күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде қолданылуы мүмкін.

Тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша тәртіптік комиссия адвокаттар алқасының мүшесін анықталған бұзушылықтарды жоюға міндеттейтін және оларды жою мерзімдерін белгілейтін нұсқама шығара алады.

Егер адвокаттардың тәртіптік комиссиясының отырысына оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан болса, ол құқықты болып есептеледі.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқасының мүшесіне қатысты тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде адвокаттар алқасы осы шешімнің көшірмесін оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, адвокаттар алқасының мүшесіне, сондай-ақ шешім қабылданған шағымды жолдаған адамға жібереді.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешіміне осы шешім жария етілген кезден бастап үш ай ішінде адвокатураның тәртіптік комиссиясында немесе сотта дау айтылуы мүмкін.

Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелері адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырылады.

Заңның 94 бабына сәйкес, заң консультанттары палатасының мүшесі Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, палата жарғысының, қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.

Заң консультанттары палатасының мүшелеріне жазалар қолдану, оларды алып тастау және шағым жасау тәртібі палатаның жарғысында және қағидаларында айқындалады.

 

Дата публикации
15 октября 2022
Дата обновления
15 октября 2022
Тип
Талдамалық мақала

Сейчас читают

Талдамалық мақала
28 августа 2026
Мемлекет бақылауындағы  жылжымайтын мүлікке құқықтар мен кепілдерді тіркеу
Талдамалық мақала
28 августа 2026
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ НҰСҚАМАЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  БРЕНДТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ
Талдамалық мақала
28 августа 2026
Правовая защита товарных знаков

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы