Зияткерлік меншік саласының дамуы білімге, инновацияларға және креативті индустрияларға негізделген заманауи экономиканы қалыптастырудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын тиімді қорғау мәдениеттің, медиаиндустрияның және кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер етеді.
Музыка, фильмдер, кітаптар, телебағдарламалар және өзге де контент күн сайын радиода, теледидарда, кафелерде, сауда орталықтарында және интернет желісінде қолданылады. Кез келген туындының негізінде құқықтары мемлекетпен кепілдендірілген автордың еңбегі жатыр.
Құқықтарды ұжымдық басқару жүйесі тарихи тұрғыдан автордың өз туындыларын пайдалануды жеке бақылауы мүмкін емес жағдайларда қалыптасты. XIX ғасырдың өзінде Еуропада туындыларды пайдаланғаны үшін сыйақы жинау және бөлу жұмыстарын жүзеге асырған алғашқы ұйымдар пайда болды.
Технологиялардың дамуымен бұл жүйе кеңінен таралып, оның ішінде Қазақстанда да қолданыс тапты. Қазіргі жағдайда ол авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды буыны болып табылады.
Бұл жүйеде құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар (ҚҰБҰ) ерекше рөл атқарады. ҚҰБҰ - қоғамдық бірлестіктер, жеке мекемелер және заңды тұлғалардың бірлестіктері нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйымдар.
Олардың негізгі міндеті - авторлық құқық және сабақтас құқық объектілерін пайдаланғаны үшін сыйақыны жинау, бөлу және төлеу. Мұндай ұйымдар авторлар, құқық иеленушілер және пайдаланушылар арасындағы делдал ретінде әрекет етіп, барлық қатысушылардың мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 13 ҚҰБҰ тіркелген, олардың 6-уы аккредиттелген.
Халықаралық тәжірибе жүйенің тиімділігі әрдайым мұндай ұйымдардың санына байланысты емес екенін көрсетеді. Халқы көп кейбір елдерде осындай ұйымдардың саны айтарлықтай аз.
Осылайша, шешуші мәнге ұйымдардың саны емес, олардың қызметінің ашықтығы, авторлар мен құқық иеленушілер тарапынан сенім деңгейі және сыйақыны бөлудің тиімді тетіктері ие.
Қалыптасқан институционалдық базаға қарамастан, қазіргі тәжірибе бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетті: ұйымдар қызметінің жеткілікті ашық болмауы, пайдаланушылар үшін рәсімдердің күрделігі, сондай-ақ авторлардың өз туындыларының пайдаланылуы, жиналған, бөлінген және төленген сыйақы көлемі туралы ақпаратқа қолжетімділігінің шектеулі болуы және т.б.
ҚҰБҰ есептеріне сәйкес, 2024[1] жылы олар 1,7 млрд. теңгеден астам қаражат жинаған. Оның ішінде 1,2 млрд. теңгеден астамы бөлінген, ал авторларға шамамен 920 млн. теңге төленген.
Авторлар мен құқық иеленушілердің өтініштері есептің ашықтығы мен сыйақыны уақтылы төлеуге қатысты мәселелердің бар екенін растайды. Авторлар әрдайым өз туындыларының пайдаланылуы туралы толық ақпарат ала алмайды. Бұл сыйақының есептелуін бақылауды қиындатып, жүйеге деген сенім деңгейін төмендетеді.
Сонымен қатар, қағаз құжат айналымының үлесі әлі де жоғары. Пайдаланушылармен жасалатын шарттар, сондай-ақ туындыларды пайдалану туралы есептер көп жағдайда дәстүрлі (қағаз) түрде рәсімделеді, бұл деректерді есепке алу мен талдау үдерістерін қиындатады.
Жекелеген рәсімдер, соның ішінде пайдаланушылармен есеп айырысулар, одан әрі стандарттауды және заманауи цифрлық шешімдерге көшуді талап етеді. Аталған факторлар құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін жаңғырту қажеттілігін айқындады.
Осы тұрғыда 2025 жылғы 24 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында көзделген құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформаны енгізу авторлық сыйақының ашықтығы мен уақтылы төленуін қамтамасыз етудегі негізгі қадамға айналуда.
Сонымен қатар, алғаш рет Қазақстан Республикасы Конституциясы деңгейінде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бекітілді, бұл креативті экономиканың және инновациялық белсенділіктің дамуына тың серпін береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында атап өтті.
Осыған байланысты бірыңғай цифрлық платформа жай ғана технологиялық құрал емес, авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын іске асырудың толыққанды тетігі болып табылады. Ол авторлар, құқық иеленушілер, ҚҰБҰ және пайдаланушылар өзара әрекеттесетін бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастырады, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді, өзара іс-қимылды жеңілдетеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және рәсімдерді ыңғайлы етеді.
Құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін цифрландыру «еститін мемлекет» құру бағытына және заманауи сервистерді дамытуға да сәйкес келеді. Жаңа платформа авторларға өз туындыларының пайдаланылуын дербес бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл салаға цифрлық құралдарды енгізу үдерістердің ашықтығын арттыруға, тиімділікті жақсартуға және қатысушылар тарапынан сенімді нығайтуға бағытталған. Ұзақ мерзімді перспективада бұл шаралар авторлардың еңбегіне әділ ақы төлеуді қамтамасыз етіп, елдің креативті экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.
Шолпан Тоқтарқызы Абдреева
Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігінің
Зияткерлік меншік құқығы
комитетінің төрағасы
[1] "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (47-бап) сәйкес, ҚҰБҰ жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей, өзінің қызметі туралы ақпаратты ұсынуға міндетті. 2025 жылға арналға ақпарат есептік кезең аяқталғаннан кейін ұсынылады.