Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн тексерудi, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға мемлекеттiк тiркеу туралы анықтама беруді, заңды тұлғалар туралы мәлiметтердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзудi қамтиды.
Филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу есептік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкестігін тексеруді, Бизнес-сәйкестендіру нөмiрi беріле отырып, оларға есептік тіркеу туралы анықтама беруді, филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізуді қамтиды.
Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу:
- заңды тұлғаның құрылу, қайта тіркелу, құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу, қайта ұйымдастырылу және қызметінің тоқтатылу, сондай-ақ филиалдар мен өкiлдiктердiң құрылу, есептік қайта тіркелу, құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың тіркелу және қызметiнің тоқтатылу фактiсiн куәландыру;
- Қазақстан Республикасының аумағында құрылған, қайта тіркелген, қайта ұйымдастырылған және өз қызметiн тоқтатқан заңды тұлғаларды, сондай-ақ құрылған, есептік қайта тіркеуден өткен және өз қызметін тоқтатқан филиалдар мен өкiлдiктердi есепке алу;
- Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргізу;
- заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi туралы жалпыға қолжетімді ақпаратты (қызметтiк немесе коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізу мақсатында жүзеге асырылады.
- Өздерiнiң құрылу мақсатында, өз қызметiнiң түрi мен сипатына, қатысушылар (мүшелер) құрамына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында құрылатын барлық заңды тұлғалар мемлекеттiк тiркеуге жатады.
- Заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi, оларға заңды тұлға құқығы берiлмей-ақ есептiк тiркеуге жатады.
Коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады.
Коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (тіркеуші органдар) жүзеге асырады.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 2 сәуірдегі № 241 - VІ Қазақстан Республикасының Заңымен коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу функциялары Әділет органдарынан коммерциялық емес акционерлік қоғамның филиалына берілді."Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (тіркеуші органдар).
Осыған байланысты, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу бойынша көрсетілетін қызметті беруші "Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы (тіркеуші органдар) болып табылады.
Мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік, қауымдастық (одақ) нысанындағы және заң актілерінде көзделген өзге де нысандағы заңды тұлғалар бірлестігі нысанында коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап елдегі қоғамдық өзгерістер көрсеткіштерінің бірі демократиялық процестердің маңызды және тікелей қатысушыларының бірі ретінде үкіметтік емес секторды дамыту болып табылады. Қазіргі уақытта қоғамды мемлекеттік басқару жүйесіне тартпай, қоғамның көптеген мәселелерін сәтті шешу мүмкін емес. Сондықтан жеке мемлекеттің саясатында да, халықаралық ауқымда да үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше өзектілікке ие.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ҮЕҰ азаматтық қоғам институты болып табылады және әртүрлі қызмет түрлерін жүзеге асыратын және қоғам үшін қызметтердің кең спектрін іске асыратын қоғамдық пайдалы міндеттерді шешу мақсатында қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік емес қорлар, коммерциялық емес мекемелер, заңды тұлғалардың одақтары (қауымдастықтары), басқа да ұйымдар түрінде ұсынылған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті мәртебесі бар, яғни бір облыс шегінде әрекет ететін қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді облыстық әділет департаменттері жүзеге асырады.
Бүгінгі күні заңды тұлғаларды тіркеу саласындағы әділет органдары келесі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді:
- Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу;
- Заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік қайта тіркеу;
- Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ акционерлік қоғам, олардың филиалдары мен өкілдіктері Жарғысының (ережесінің) телнұсқасын беру;
- Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері)туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу;
- Заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиал мен өкілдікті есептік тіркеуден шығару.
Жоғарыда көрсетілген мемлекеттік қызметтер электрондық және қағаз нысанда көрсетіледі.
Әділет органдары, барлық мемлекеттік органдар сияқты, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі мемлекеттік саясаттың басты бағытын іске асыру, атап айтқанда, азаматтар мен заңды тұлғалар үшін мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін барынша оңайлату, төрешілдікті, әуре-сарсаңды және сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмыс істеуде.
Қолданыстағы заңнамаға заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша енгізілген түзетулерге сәйкес тіркеу тәртібі жеңілдетілгенін, құжаттарды ресімдеуге байланысты мерзімдер мен шығыстар қысқарғанын атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде аумақтық әділет органдарының міндеті азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, халық пен заңды тұлғалар арасында құқықтық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру болып табылады.