Бейнежазба – авторлық құқық объектісі болып табылады. Ерте ме, кеш пе, бейнежазбаны әзірлейтін адам өзінің авторлық құқығын қорғау мәселесіне тап болады. Авторлар өздері дайындаған немесе пайдалануға рұқсаты бар бейнежазбаларды ғана ғаламторға орналастыра алады. Басқаша айтқанда, егер белгілі бір өнер туындысына құқықтар басқа авторға тиесілі болса, оны сол автордың рұқсатынсыз жариялауға яғни пайдалануға болмайды. Егер сіз өзіңіз әзірлеген бейнежазбаны ғаламторға орналастырсаңыз және оны тек өзіңіз дайындасаңыз, онда осы бейнежазбаға авторлық құқық сізге тиесілі болады. Сонымен қатар, кейбір жағдайларда ашық туындыларды еркін пайдалануға рұқсат етіледі. Мұндай кезде автордың немесе өзге де құқық иеленушінің келісімі қажет болмайды. Осы орайда авторлық сыйақы төленбейді. Алайда, туындысы пайдаланылатын автордың аты-жөні және оның шығармасының қай деректен алынғаны міндетті түрде көрсетілуі керек.