
Азаматтық хал актілері – адамды дараландыратын және оның құқықтары мен міндеттерінің туындауымен, болуымен және тоқтатылуымен байланысты болатын заңдық тұрғыдан ресімделген мән-жайлар.
Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
Тіркеуші органдар мынадай іс-қимылдарды жасайды:
1) тууды, қайтыс болуды, неке (ерлі-зайыптылықты) қию және бұзуды, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуді жүргізеді;
2) азаматтық хал актілері жазбаларын өзгертеді, толықтырады, оның ішінде әке (ана) болуды белгілеу, ұл (қыз) бала асырап алу кезінде, түзетеді, жазбаларды қалпына келтіреді және жояды;
3) бастапқы және қайталама куәлiктерді, анықтамаларды, азаматтық хал актiлерiнiң көшiрмелерiн бередi;
4) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кітаптарының және куәлік бланкілерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы:
1) еркек пен әйелдің некелік (ерлі-зайыптылық) одағының еріктілігі;
2) отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі;
3) отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік;
4) отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу;
5) балалардың отбасында тәрбиелену басымдығы, олардың өсіп-жетілуі мен әл-ауқатты болуына қамқорлық;
6) отбасының кәмелетке толмаған, қарт және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін басымдықпен қорғау;
7) отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, осы құқықтарды сот арқылы қорғау мүмкіндіктері;
8) отбасының барлық мүшелерінің салауатты өмір салтын қолдау қағидаттарына негізделеді.
Апостиль дегеніміз-бұл құжатқа қол қойған лауазымды тұлғаның қолын, оны растайтын мөр мен мөртаңбаны куәландыратын арнайы мөртаңба.
Апостильдің нысаны 13х13 шаршы см. түрінде жасалған мөртаңба болып табылады.
Апостиль Конвенцияның ресми тілдерінің (француз немесе ағылшын) біреуінде, сондай-ақ апостиль қойған мемлекеттің ұлттық тілінде қойылуы мүмкін. Іс жүзінде көп жағдайда апостильде екі тіл (Конвенция тілдерінің біреуі және ұлттық тіл) қосарланып беріледі. Барлық мәліметтер мемлекеттік тілде апостиль мөртабанында айқындалады, осыдан кейін құжат Гаага конвенциясына қатысушы құзіретті мемлекеттік органның Елтаңбалы мөрімен бекітіледі.
Азаматтық хал актілерінің жазбасы:
1) сот шешімінің негізінде;
2) мүдделі адамдардың өтініші бойынша;
3) жойылуға жататын бастапқы, қалпына келтірілген немесе қайтадан жазылған жазбаны тапқан тіркеуші органның бастамасы бойынша жойылуы мүмкін.
Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою, жойылуға жататын жазба жасалған жер бойынша жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар) қалауы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) қағаз жеткізгіште не «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық нысанда өтініш бере алады.