Алимент өндіру әлеуметтік маңызы бар санаттағы істердің бірі болып табылады.
Алиментті өндіру бойынша «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңында бір бөлігі арналған.
Аталмыш заңнаманың талаптарына сүйенсек, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады, сондай-ақ, өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады. Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды. Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.
Мүгедектігі бар адамдар болып табылатын борышкерлер үшін алименттер бойынша ай сайынғы төлемдер немесе берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал олар жұмыс істемейтін жағдайда, бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.
Борышкердiң алимент бойынша берешегi оны төлеуден жалтару салдарынан құралған жағдайда берешек сомасына Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 171-бабының 1-тармағына сәйкес тұрақсыздық айыпақы есептеледi.