Азаматтық іске қатысатын адамдардың арызы бойынша егер осындай шараларды қабылдамау соттың шешімін орындауды қиындатса немесе мүмкін етпейтіндей болса, сот талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдай алады және сол туралы ұйғарым шығарады.
Қамтамасыз ету шараларының бірі - жауапкерге тиесілі және оның өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлікке тыйым салу туралы сот ұйғарымы шығарылады және ол сот орындаушыларына дереу орындауға жолданады.
Ұйғарым негізінде сот орындаушысы атқару өндірісін қозғайды, сот ұйғарымына сәйкес жауапкердің мүліктеріне, банктік шоттарындағы ақшаға тыйым салады.
Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін іске қатысатын адамның арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес сол сот жояды және қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы ұйғарым шығарады.
Тиісінше сот орындаушысы тыйымнан босату туралы қаулысын шығарып, тіркеуші органдарға, банкке орындауға жолдайды.