Атқарушылық iс жүргiзудің негізгі мiндеттерi деп атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шараларды мiндеттi және уақтылы қолдану болып табылады.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 39 бабында атқарушылық iс жүргiзулерді аяқтау мерзімі көзделген.
Атқарушылық құжаттың талабын орындамау әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершілік жүктеуді көздейді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 669 бабының 1 тармағына сәйкес сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау жеке тұлғаларға – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
Сонымен қатар, сот орындаушысының қаулыларын және заңды талаптарын орындамау, Кодекстің 670 бабына сәйкес жауапкершілікті көздейді.
Атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша сот орындаушысына келмеу, сол сияқты айғақтар беруден бас тарту немесе көрiнеу жалған айғақтар беру, Кодекстің 665 бабына сәйкес: жеке тұлғаларға – үш, лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Кодекстің 673 бабына сәйкес, сот орындаушысының мүлiкке өндiрiп алуды қолдану (тiзiмдеу, бағалау, тыйым салу, сауда-саттық өткiзу) әрекеттерiн жасауына жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың кедергi келтiруi немесе осыған байланысты оның талаптарын орындаудан бас тарту: жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген (мысалы: азамат Ш. сот актісі бойынша екінші деңгейдегі банкіге бережақ болған және уақытылы төлемеген, төлеу үшін әрекеттер жасамаған.
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен борышкер 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды).
Статистикаға келетін болсақ: 2020 жылы 293 тұлғаға, 2021 жылы - 611, 2022 жылы 677 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапқа тартылған.
Сонымен қатар, сот актісінің немесе өзге де атқару құжатының талаптарын орындамағаны үшін Қылмыстық кодексінің 139, 430 – баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Бұл ретте, аталған кодекстің 139 – бабы бойынша екі жылға дейін, ал 430 – бабы бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін (мысалы: азамат Н. ресми түрде жұмыс жасамайды, соңғы екі жылдың ішінде алимент төлемеген. Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен борышкер бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланған).
Қылмыстық жауапкершілікке 2020 жылы 139 бап бойынша 4 тұлға, 2021-2022 жылдары 1 тұлға тартылған.
Сөз соңында айтарымыз: әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаудың бірден бір жолы – орындай алмайтын міндеттеме алмау және алған міндеттемені уақытылы орындау.