Меню

Страницы

Статья

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы - Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Негізгі заң елдің саяси жаңғыруының маңызды кезеңіне айналып, мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдерін, демократияны дамытуды және ұлттық бірлікті нығайтуды бекітті.

Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам дамуының қазіргі кезеңін айқындайды. Оның негізінде Әділетті Қазақстан құндылықтары нақты бекітілген, онда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық болып танылады.

Негізгі заң қоғамдық сұраныс, заманауи талаптар мен елдің стратегиялық міндеттері ескеріле отырып, тұжырымдамалық тұрғыда қайта қаралды.

Жаңашылдықтардың бірі ретінде заң шығарушы билік құрылымы өзгертілді. Бұрынғы Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы Парламенттің орнына Конституциямен Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы - Құрылтай құрылды.

Бір палаталы жүйеге көшу заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және шешімдерді жедел қабылдауға бағытталған.

Жаңа Конституциямен Қазақстан Халық Кеңесі — Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган құрылды. Қазақстан халық кеңесінің құрылу тәртібі, құрамы, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру конституциялық заңмен айқындалады.

Қазақстан халық кеңесінің негізгі функцияларына мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан Республикасының қызметінің негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілету, Құрылтайға заң жобаларын енгізу және конституциялық заңда көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.

Қазақстан Республикасының Вице-президенті лауазымының енгізілуі мемлекеттік басқару процесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Конституцияда адам құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Конституциялық деңгейде «Миранда қағидасы» бекітілді, оған сәйкес әрбір ұсталған адам бостандығын шектеудің негіздері мен өз құқықтары туралы хабардар етілуге құқылы. Сонымен қатар, ұсталған адам адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы.

Бұл норма әділ сот төрелігінің кепілдіктерін және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтеді.

Қазақстан Республикасында неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы болып табылатыны туралы ереже бекітілді.

Бұл норма дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, ана мен әкені, сондай-ақ, баланы қорғауға бағытталған.

Жаңа Конституция заңдылық, ашықтық және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қағидаттарын күшейтеді. Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тек Конституция мен заң аясында әрекет етуге міндетті. Негізгі заң демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалайды.

Осыған байланысты, 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы маңызды тарихи оқиға болып, ел дамуының жаңа кезеңін айқындады.

Жаңа Конституция адам, заң және халық бірлігі басты құндылық болып саналатын Әділетті Қазақстанды құрудың берік құқықтық негізіне айналды.


Ақмола облысы

Әділет департаментінің басшысы

Раушан Серикбаевна Досанова

Дата публикации
18 мая 2026
Дата обновления
18 мая 2026
Тип

Сейчас читают

Мақалалар
29 сентября 2026
"Тауар белгісін құқықтық қорғау"
28 сентября 2026
Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу
23 сентября 2026
Кадастрлық паспортты беру тәртібі

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы