Инновациялар мен технологиялардың дамуы зияткерлік меншікті құқықтық қорғаудың тиімді тетіктерін қажет етеді. Қазақстан Республикасындағы осындай тетіктердің бірі – пайдалы модельге құқықтық қорғау беру. Пайдалы модель — бұл жаңашылдығы мен өнеркәсіпте қолданылу мүмкіндігі бар техникалық шешім.
Қазақстан Республикасының «Патенттер туралы» Заңының 2-бабына сәйкес, пайдалы модель — бұл құрылғы түрінде рәсімделген техникалық шешім, ол өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, денсаулық сақтау және басқа салаларда қолдануға жарамды болуы тиіс.Пайдалы модель — өнертабысқа қарағанда қарапайым шешім, әрі одан төмен талаптар қойылады. Ол көбінесе бұрыннан бар техникалық шешімді жетілдіру түрінде болады.
Пайдалы модель өнімге (құрылғыға, субстанцияға, микроорганизм штаммына, өсімдік немесе жануар жасушасының культурасына), әдіске (материалдық құралдарды пайдалана отырып, материалдық объектіге іс-әрекеттер жасау процесі) қатысты кез келген саладағы техникалық шешімдерді қамтиды, сондай-ақ адамдарды немесе жануарларды емдеуге арналған диагностикалық, емдік және хирургиялық әдістерді қоспағанда, белгілі өнімді немесе әдісті жаңа мақсатта немесе жаңа өнімді белгілі бір мақсатта пайдалану. Пайдалы модельге патент алуға өтiнiмге сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша берiледi. Пайдалы модельге патент алуға өтінімдердің сараптамасын сараптау ұйымы - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады.
Тіркеу және патент беру – оң қорытынды шыққан жағдайда, жаңашылдықты терең сараптаусыз патент беріледі.
- Пайдалы модельге берілетін патенттің жарамдылық мерзімі 5 жыл, әрі оны қосымша 3 жылға ұзартуға болады.
- Патент алу мерзімі қысқа – өнертабысқа қарағанда рәсімдеу жылдам;
- Қойылатын талаптар жеңіл – өнертапқыштық деңгей дәлелденбейді;
- Шағын және орта бизнеске қолжетімді – патент алу арзанырақ және тиімдірек.
Өнертабысқа қарағанда пайдалы модель патенті ресми сараптама нәтижелері бойынша беріледі, ал оның патентке қабілеттілігінің критерийлері жаңалық және өнеркәсіптік қолдануға жарамды болып табылады. Осылайша, пайдалы модельге патент беру рәсімі өнертабысқа патент беру рәсіміне қарағанда жылдамырақ, өйткені пайдалы модельге өтінімге мәні бойынша сараптама кезеңі Қазақстанда жүргізілмейді, сондықтан патент өтінім берушінің жауапкершілігімен беріледі.
Осылайша, ресми сараптама нәтижелері бойынша пайдалы модельге патент беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтінім берушіге сараптамалық қорытынды жіберіледі.
Ақмола облысы
Әділет департаменті
зияткерлік меншік құқығы
бөлімінің бас маманы Конкаева Диана Зекеновна