Әрбір адамның өмірінде оның жеке деректерін- тегін, атын және әкесінің атын (толық аты) өзгертуге итермелейтін жағдайлар туындауы мүмкін. Қазақстан Республикасында бұл тәртіп заңмен реттеледі және белгілі бір тәртіпті сақтауды талап етеді.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес атын, әкесінің атын, тегін өзгертуді он алты жасқа толған және атын және (немесе) әкесінің атын, тегін өзгертуге тілек білдірген адамның жеке өтініші бойынша тіркеуші органдар жүргізеді.
Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту мынадай дәлелді себептер:
1) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;
2) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;
3) егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тектерінде қалса немесе некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы (зайыбы) тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен (зайыбымен) ортақ текте болғысы келген жұбайының (зайыбының) тілегі;
4) егер неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
5) бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
8) өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
9) құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
10) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;
13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.
Атын, әкесінің атын, тегін немесе өзгерту, түзету үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну қажет немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы электронды түрде өтініш жіберу қажет.
Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы өтініште мынадай мәліметтер:
1) өтініш берушінің аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) таңдаған аты, әкесінің аты, тегі;
3) атын, әкесінің атын, тегін өзгертудің себептері көрсетілуге тиіс.
Өтінішке туу, неке немесе некені бұзу туралы куәліктер, өтініш берушінің екі фотосуреті, сондай-ақ аты-жөнін өзгерту себептерін растайтын құжаттар қоса беріледі.
Тегін, атын, әкесінің атын, өзгерту мәселесі күрделі істер санатына жатады, өйткені ол азаматтардың жеке деректерін өзгертуді көздейді. Мұндай өтініштерді қарау тәртібі тиісті тексерулер жүргізуді, оның ішінде шет мемлекеттердің АХАТ органдарының мұрағаттарынан оларды беру негіздерін (акт жазбаларының көшірмелерін) сұрату жолымен ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығын талап етеді. Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген азаматтық хал актілері АХАТ ақпараттық жүйесінде тексеріледі.
Атын, әкесінің атын, тегін өзгертуге байланысты, өзгертуге жататын мәліметтер туу туралы, некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе бұзу туралы тиісті акт жазбаларына атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы қорытындының негізінде енгізіледі.
Тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін өзгерту жүргізілгенін растау үшін туу туралы, некені (ерлі-зайыптылықты) қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді, содан кейін жеке басын куәландыратын құжатты өзгерту қажет.
Атын, әкесінің атын, тегін өзгерту туралы акт жазбасының өзгеруіне толықтыруына, түзетілуіне және қалпына келтіруіне байланысты анықтама беру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда көрсетілетін қызметті алушыдан мемлекеттік қызметті көрсеткені үшін алынатын төлемнің мөлшері және өндіріп алу тәсілдері-0,5 АЕК.
Ақмола облысы
Әділет департаментінің
коммерциялық емес ұйымдарды
тіркеу және тіркеу қызметі
саласындағы бақылау бөлімінің
жетекші маманы
Оразалинова Гаухар