Біздің заманымызда Қазақстан Республикасының көптеген азаматтары әртүрлі себептермен шетелге шығады.
Алайда, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары борышкерлердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын уақытша шектеуді көздейтін «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрi - Заң) туралы хабардар емес.
Мәселен, Заңның 33-бабына сәйкес сот орындаушысы атқарушылық құжаттың мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы талаптары үш айдан астам, сондай-ақ, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген қырық еселенген айлық есептік көрсеткішке тең не одан асатын сомаға атқарушылық құжаттың талаптары орындалмаған жағдайда борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулы шығаруға міндетті.
Аталған сот орындаушысының қаулысы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
Сот орындаушысының Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу туралы қаулылары атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне орындау үшін жіберіледі.
Бұл ретте, борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (оның міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеулер елден тыс жерде емдеуді жүзеге асыру қажет болған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкін.
Сот орындаушысының тоқтата тұру мерзімін көрсете отырып, шығуға уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы қаулысы да ҚР Азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен соттың санкциялауына жатады.
Заңның 33-бабының 4-тармағына сәйкес борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеуді алып тастау мынадай:
1) осы Заңның 47-бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған;
2) мерзімдік өндіріп алулар туралы атқарушылық іс жүргізулер бойынша берешек болмаған;
3) атқарушылық құжат соттың немесе құжатты берген басқа органның талап етуі бойынша орындалмай қайтарылған;
4) мемлекет пайдасына өндіріп алуларды қоспағанда, өндіріп алушы өтініш берген;
5) басшы заңды тұлғаның жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылатын жағдайларды қоспағанда, борышкер болып табылатын заңды тұлғаның басшысы ауысқан;
6) сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысының күші жойылған жағдайларда бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қойылған тұлғалар туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің www.adilet.gov.kz ресми сайтында жарияланады.
Қазақстан Республикасының азаматтары www.adilet.gov.kz ақпараттық порталында Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қойылған борышкерлер тізімінде тегін, атын, әкесінің атын немесе ЖСН-ін, суреттегі кодты енгізіп, «Іздеуді» басып өздерін тексере алады.
Берешек болмаған жағдайда және іздеу дұрыс жүргізілсе, келесі жауап шығады: "Сұрау бойынша (ЖСН көрсетіледі) ештеңе табылған жоқ»
Сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шығуға қойылған уақытша шектеулерді post.kz порталында немесе «Қазпошта» терминалдарында тексеруге болады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қарағанды әуежайларында атқару құжаттары бойынша қарыздарды төлеуге арналған «Қазпошта» терминалдары орнатылды. Борышкер осы терминал бойынша төлемді 15 минут ішінде жүзеге асырған жағдайда "Электрондық үкімет" төлем шлюзі арқылы онлайн режимде берешекті төлеу туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» дерекқорына берілетін болады. Бұл жағдайда атқарушылық іс жүргізу шеңберінде салынған қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміндегі деректері 30 минут ішінде автоматты түрде жойылады.
«Қазпочта» филиалдары мен терминалдары арқылы төлем жасау кезінде шығуға тыйым салуды автоматты түрде жою 2015 жылғы 1 шілдеден кейін қойылған тыйымдар бойынша ғана қолданылады.
Сондай-ақ, банктің кез-келген бөлімшесінде атқарушылық құжат бойынша берешек сомасын төлеуге болады, содан кейін сот орындаушысына төлем туралы түбіртек ұсынылады.
Осыған байланысты, жоғарыда аталған проблемаларды болдырмау үшін сот орындаушыларының орындауында атқарушылық құжаттардың жоқтығына сенімді болу қажет.
Сот орындаушыларының қызметін
реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы
Мұратова Жанар Нұрланқызы