Соңғы уақыттан бері электрондық үкімет порталында (egov.kz) коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет іске қосылды.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесі бекітілген тізбеге сәйкес электрондық құжаттарды электрондық үкімет порталы арқылы бірнеше минут ішінде мемлекеттік тіркеуге беруге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметті онлайн қалай алуға болады? Бірінші кезекте уәкілетті тұлға (сайланған директор, құрылтайшы, заңды тұлға) электрондық үкімет порталын кіреді, содан кейін бизнес бөліміне өтіп, "Коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу"мемлекеттік қызметін таңдауы қажет.
Әрі қарай, өтінімді толтырып, қажетті электрондық құжаттарды қосып, электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою қажет болады.
Осыдан кейін бұл өтінім тіркеуші органның қарауына түседі.
Мемлекеттік қызметті онлайн режимде алу сапасын арттыру үшін электрондық үкімет порталында таңдалған ұйымдық-құқықтық нысанына байланысты коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізбесі бар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу үшін тіркеу алымының ставкалары көрсетілген.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен кейінгі бес жұмыс күнін құрайды.
Жеке кабинетте өтініш беруші көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін өтінімді өңдеу туралы хабарламамен таныса алады.
Коммерциялық емес ұйымдар мынадай заңды тұлғалар болып табылатынын атап өту қажет - мекеме, мемлекеттік мекеме, қоғамдық бірлестік, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігі, жеке кәсіпкерлер бірлестігі, саяси партиялар, тұрғын үй-құрылыс кооперативі және тұрғын үй кооперативі, мүлік меншік иелерінің бірлестігі, адвокаттар алқасы, нотариаттық палатасы, аудиторлар палатасы, бағалаушылар палатасы, заң кеңесшілері палатасы, адвокаттар кеңсесі.
Коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу бойынша электрондық мемлекеттік қызметті енгізудің артықшылығы мемлекеттік қызметті алу бойынша процесті оңайлату болып табылады (мысалы, сапарға және кезекте күтуге уақыт жұмсау қажеттілігінің болмауы).
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметті тек онлайн ғана емес, ХҚКО арқылы да пайдалануға болады.
Қорытындылай келе, әділет органдары мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткім келеді.
Коммерциялық емес ұйымдарды
тіркеу және тіркеу қызметі
салысындағы бақылау
бөлімнің бас маманы Г.Абсаматова