Атқарушылық iс жүргiзудi орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерде өндiрiп алуға болатын ақша қаражатының немесе өзге де мүлiктiң жоқтығын бiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда берешекті өндіріп алудың бірден-бір жолы борышкердің жалақысынан немесе басқа кірісінен мерзімді түрде өндіріп алу болуы мүмкін.
ҚР «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 93 бабына сәйкес, борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ борышкердің мүлкі болмаған немесе өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқа да өндіріп алу бойынша қолданылады.
Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушiге немесе борышкер одан кіріс алатын тұлғаға жiбередi.
Сонымен бірге, Заңның 95 бабына сәйкес бiр немесе бiрнеше, оның ішінде басқа сот орындаушыларының іс жүргізуіндегі атқарушылық құжат бойынша борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс.
Бұл ретте, алименттерді өндіріп алу және мертіккеннен немесе денсаулығы өзгеше зақымданғаннан, сондай-ақ асыраушының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу жағдайларын қоспағанда, борышкерде сақталатын сома республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Бірнеше атқарушылық құжат немесе бірнеше талап қоюшы болған жағдайда ұсталған сомалар талап қою талаптарының мөлшеріне сәйкес бөлінуі және өндіріп алу тәртібі ескерілуі тиіс.
Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес сот орындаушысы борышкердің жалақысынан және басқа да кірістерінен ұсталудың дұрыс және уақтылы жүргізілуіне, сондай-ақ ұсталған соманың өндіріп алушыға уақытылы аударылуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
Өз кезегінде жұмыс беруші қаулыда белгіленген ақшалай соманы ұстап қалу жөніндегі міндетті орындауға міндетті, өйткені бұл қаулы ресми құжат болып табылады. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 21–бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері барлық заңды тұлғалар, лауазымды тұлғалар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.Әйтпесе, сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындауға байланысты қаулылары мен заңды талаптары орындалмаған кезде, оның ішінде борышкердің жұмыс орны мен оның кірістері, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалу жүргізілуі және өндіріп алушыға өндіріп алынған соманы жіберу туралы, борышкердің өзге де ақша сомалары мен мүлкіне өндіріп алу жөніндегі мәліметтерді өзі тағайындаған мерзімде беру туралы талаптары орындалмаған кезде "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 670-бабында айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген (жеке тұлғаларға -10 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға – 15 АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға-20 АЕК мөлшерінде).
Сонымен қатар, борышкер жұмыстан босатылған кезде, ол еңбек қатынастарында болған жұмыс беруші бұл туралы үш күн мерзімде сот орындаушысына хабарлама жіберуге міндетті екенін қосымша хабарлаймыз.
Осылайша, жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, борышкердің берешегін өндіріп алудың қолданыстағы әдістерінің бірі борышкердің жалақысы мен басқа да кірістеріне өндіріп алу болып табылатындығын атап өткен жөн.
Ақмола облысы
Әділет департаменті
сот орындаушыларының қызметін реттеу
және бақылау бөлімінің бас маманы
Ж.Н. Муратова