Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы құқықтық база Азаматтық кодекспен және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңмен (бұдан әрі – Заң) реттеледі.
Жылжымайтын мүлік иелерінің (құқық иелерінің), сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен қандай да бір мәміле жасауға ниеті бар тұлғалардың құқықтарын қорғаудың ең тиімді жолы жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу болып табылады.
Құқықтық кадастрда міндетті мемлекеттік тіркелуге жататын жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар), егер осы Заңда және өзге де заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, олар мемлекеттік тіркелген кезден бастап туындайды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын тіркеуші орган болып табылады.
Заңға сәйкес жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу уәкiлеттi органдар берген немесе азаматтық-құқықтық мәмiлелер құрамында ресiмделген құқық белгiлейтiн құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады.Тіркеуші орган жасалатын мәміленің заңдылығын және (немесе) жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауына, өзгеруіне, тоқтатылуына (құқықтық ауыртпалықтарға) негіз болып табылатын өзге де заңдық фактілердің (заңды құрамдардың) қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексеруді қоса алғанда мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттарға тексеру жүргізеді.
Қолданыстағы заңнама жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін негіздердің екі тобын қарастырады:
- құжаттарды қабылдау кезінде (Заңның 25-бабы);
- тіркеуге қабылданған құжаттарды тексергеннен кейін (Заңның 31-бабы).
Заңның 25-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттарды қабылдаудан бас тартуға мынадай негіздер бойынша жол беріледі:
1) тиісті емес адам өтініш жасағанда не өтініш берушінің немесе оның уәкілетті өкілінің жеке басын куәландыратын құжаттардың болмауына байланысты;
2) құжаттарда тазарту не қосып жазу, сызылған сөздер немесе өзге де келісілмеген түзетулер болғанда;
3) тіркеуге берілетін өтініштердің нысандары дұрыс толтырылмағанда;
4) өтініш беруші осы Заңның 21-бабының 2, 3 және 3-1-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық пакетін ұсынбағанда;
5) нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынғанда;
6) құқықты (құқықтар ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеуді болғызбайтын ауыртпалықтар болған кезде жол беріледі.
Заңның 31-бабына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тарту мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) құқықтық қатынастардың субъектiлерi мен объектiлерi, жылжымайтын мүлiкке және өзге де тiркеу объектiлерiне құқық немесе құқық ауыртпалығы түрi не олардың туындау, өзгеру немесе тоқтатылу негiздерi заңнама талаптарына сәйкес келмеген кезде;
2) сот шешімі бойынша тәркіленген және (немесе) өндіріп алынған жылжымайтын мүлікті қоспағанда, егер өтініш беруші жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілсе;
3) құрылыс объектілерінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі туралы жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарынан түсетін тиісті ақпарат негізінде;
4) егер мемлекеттік тіркеу тоқтатыла тұрған кезде қажетті құжаттар ұсынылмаған болса, өтініш иесі осы Заңның 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттар топтамасын толық ұсынбаған кезде;
5) нысаны мен мазмұны бойынша заңнама талаптарына сәйкес келмейтiн құжаттар тiркеуге ұсынылған кезде;
6) осы баптың 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, құқықты немесе өзге де мемлекеттiк тiркеу объектiсiн мемлекеттiк тiркеудi болғызбайтын ауыртпалықтар болған кезде;
7) заңды күшiне енген сот актiсiнiң негiзiнде;
8) егер тiркеудi тоқтата тұру мерзiмi iшiнде тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар жойылмаған болса;
9) егер бұрын туындаған құқықтың ауысуы, өзгеруі, тоқтатылуы немесе оған қатысты ауыртпалықтың анықталуы тіркеу объектісі болып табылса, мұндай құқық ол туындаған кезде қолданыста болған заңнамаға сәйкес келмеген кезде;
10) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның меншік құқығын және тиісті саланың уәкілетті органының жалдау құқығын тіркеуді қоспағанда, мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды және құқықтар ауыртпалығын тіркеуге өтініш білдірген кезде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік корпорацияның Ақмола облысы бойынша филиалы (бұдан әрі – КЕАҚ филиалы) ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың 12 айында КЕАҚ филиалы жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бойынша 102 930 мемлекеттік қызмет көрсетті.
Бұл ретте 228 өтініш бойынша бас тартулар берілді, бұл жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеудің жалпы санының 0,2% құрайды.
Коммерциялық емес ұйымдарды
тіркеу және тіркеу қызметі
саласындағы бағылау бөлімінің басшысы Т. Әубәкір