Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытудың әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың таусылмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Ел еңсесін көтеріп, рух қайнарын тасытар рәміздеріміз мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері болып табылады. Мемлекеттік рәміздердің белгілі бір мағына беретін үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс табады. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан, мемлекет өз халқына мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда ресми түрде бекітіліп, 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Осыған орай, 4 маусым елімізде жыл сайын мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Рәміздеріміздің түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе Конституциялық заңда белгіленеді және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез-келген мемлекеттің егемендігімен біртұтастығын бейнелейтін, оныңажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Аспан түстес байрағымыздың, елтаңбамыз бен гимніміздің әрбір элементінде осы іске атсалысқан әрбір азаматтың, халқымыздың Отанға деген махаббаты мен арман-мұраты жатыр.