
Құқықтық түсіндіру жұмысы - Әділет органдарының негізгі функцияларының бірі. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы халықтың құқықтық мәдениетін дамыту процесінен бөлінбейді. Бұл өз кезегінде дамыған азаматтық қоғам құруға ықпал етеді. Қоғамдық санада құқыққа деген көзқарас әлеуметтік әділеттілік, гуманизм, жеке бас бостандығы негізінде тұрақты әлеуметтік құндылық ретінде қалыптасуы керек.
Азаматтардың құқықтық мәдениетінің жағдайы оның құқықтық жүйесінің көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын дамыту - тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді табысты шешу қоғамның құқықтық мәдениетін көтермей, әрбір азаматтың заңды терең құрметтеуіне тәрбиелеусіз, оның ережелерін күнделікті өмірде іске асыруға тікелей және белсенді қатысуға дайындығын қалыптастырмай, халықтың құқықтық сауаттылығы болмаған кезде мүмкін емес.
Қазақстанда мынадай азаматтар нотариус бола алады:
25 жасқа толған;
жоғары заңдық білімі бар;
2 жылдан кем емес заңдық мамандық бойынша жұмыс өтілі бар;
Нотариуста 1 жылдан кем емес мерзімде тағылымдамадан өткен;
әділет аттестаттау комиссиясынан аттестаттаудан өткен;
нотариаттық қызметпен айналысу құқығын алғандар.
Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.
Құқықтық ақпарат беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін алуға барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығы бар.
Құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.
Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.
Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғаларға, клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз заң көмегін шартқа сәйкес көрсету кешенді әлеуметтік заң көмегі болып табылады.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету көлемі мен тәртібін заң консультанттарының палаталары, Республикалық адвокаттар алқасы белгілейді. Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету көлемі мен тәртібі туралы мәліметтер уәкілетті органға жіберіледі.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру нысандарының бірі болып табылады және ерікті түрде жүзеге асырылады.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдарға;
2) атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға;
3) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға;
3-1) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
4) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға;
5) жасына байланысты зейнеткерлерге;
6) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға;
7) алып тасталды – ҚР 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
8) мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдары бар адамдарға көрсетілуі мүмкін.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейді.
Мемлекет кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге елеулі үлес қосуды ынталандырады.