Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу қалай жүргізіледі?
Қазақстан Республикасының Конституциясының 12-бабының 2-тармағында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп көрсетілген.
Орталық мемлекеттiк органдардың және ведомстволардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ, әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алуды қамтамасыз ету әділет органдарына жүктелген міндеттің бірі болып табылады. Осыған орай аумақтық деңгейде жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әділет департаменттеріне жүктелген.
Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеу институты 1993 жылы құрылған.
Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеу олардың күшіне енуінің қажетті шарты болып табылады. Тіркелмеген актілердің заңды күші жоқ. Әділет органдары нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданыстағы заңнамаға сәйкестігіне заңдық сараптама жүргізеді, онда негізгі мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделеріне қысым жасауға жол бермеу болып табылады.
Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ әділет органдарының оны жою жөніндегі функциясы заңға тәуелді актілердің заңдылығын, сондай-ақ Қазақстанның құқықтық кеңістігінің бірлігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Заңнама жаңалықтарымен, сондай-ақ барлық әділет органдарымен тіркелген нормативтiк құқықтық актiлермен, әрбір азамат нормативтiк құқықтық актiлердiң эталондық бақылау банкінде Әділет министрлігінің интернет-ресурсы арқылы таныса алады.