GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Әкім аппараты
Әкім аппараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Все материалы
20 октября 2026
Аягөз ауданының Қопа ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Жаңа спорт нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Айжан Балабатырова және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

Ангар үлгісіндегі модульді спорт залы KAZ Minerals тобы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынды. Жобаға облыс әкімдігі де атсалысып, абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлді.

Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықты қолжетімді спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Абай облысында спорт нысандарын салу, жаңғырту және олардың қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы басты міндет – спорт нысандарының саны мен сапасын арттырумен қатар, олардың тұрғындар үшін нақты әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ету. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Абай облысында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгін біз пайдалануға бергелі отырған Қопа ауылындағы ангар үлгісіндегі модульдік спорт залы – қордың облыс аумағында жүзеге асырып жатқан үшінші ірі жобасы. Алғашқы жоба Жарма ауданының Әуезов кентінде іске асырылса, қазіргі уақытта Қарағайлы ауданында инклюзивті спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Қопа ауылында тағы бір спорт залының ашылуы – қор қолдауының нақты нәтижесі. Аталған нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Жаңа спорт залы Қопа ауылының тұрғындарына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, ауылда бұқаралық спорттың дамуына және салауатты өмір салтының қалыптасуына өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Берік Уәли.

Спорт кешенінің құрылысы 2023 жылдың жаз айында басталды. Нысан спорттық жаттығуларға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда дзюдо, қазақ күресі, волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисімен айналысуға барлық жағдай жасалған.

Жаңа кешенде тұрақты спорт секцияларын ұйымдастыруға, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар нысан балалар мен жастардың дене шынықтырумен айналысуына, олардың спорттық қабілеттерін шыңдап, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады.

Ауыл тұрғындары жаңа спорт нысанының ашылуына ризашылықтарын жеткізді.

«Бүгін Қопа ауылы үшін ерекше қуанышты күн. Ауылымызда жаңа спорт нысаны ел игілігіне беріліп отыр. Осы игілікті істің жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, балалар мен жастарды төзімділікке, тәртіпке, табандылыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Ауылымызда балалар ойын алаңдары салынып, енді тұрғындардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалды. Біздің ауылдан республикалық және халықаралық жарыстарда өнер көрсеткен спортшылар шыққан. Енді солардың ізін осы кешенде жаттығатын жас өрендеріміз жалғайды деп сенеміз», – деді ауыл тұрғыны Талғат Кәріпбаев.

Спорт нысанының ашылуынан кейін облыс әкімі меймандармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.

20 октября 2026
БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын кесте бойынша төлеу: төлем мөлшері қалай есептеледі және қайда жүгіну қажет?

БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар

1) БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын белгіленген кесте бойынша төлем ретінде алуға кімдер құқылы?

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар мынадай тұлғаларға міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) есебінен белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері жүзеге асырылады:

  • зейнет жасына толған адамдар (ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас (2028 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға ұлғайып, 2031 жылы 63 жасқа жетеді));
  • 55 жасқа толған, зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде өздері үшін жиынтығында кемінде күнтізбелік 84 ай бойы МКЗЖ төленген, уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен өндірістердің, жұмыстардың және жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстарда еңбек қызметін тоқтатқан адамдар;
  • бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар.

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтар бойынша зейнетақы төлемдерін жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, яғни 50 жастан бастап алуға болады. Сонымен қатар ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері мүгедектік тобына және оның белгіленген мерзіміне қарамастан, мүгедектігі бар адамдарға да беріледі. Бұл ретте төлемдерді алу кестесін салымшы өзі дербес белгілейді.

2) Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай есептеледі?

Кесте бойынша зейнетақы төлемдері мынадай тәртіппен есептеледі: төлемдерді алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,5% мөлшеріндегі зейнетақы жинақтарының төлем мөлшерлемесіне көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеудің 5% мөлшерлемесіне сәйкес ұлғайтылады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – ЕТК) кемінде 70%-ын құрауға тиіс.

Алушылардың жекелеген санаттары үшін, атап айтқанда, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдарға, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары жиынтығында кемінде 60 ай бойы төленген міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан адамдарға қатысты Әдістемеде ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін арттыратын түзету коэффициенттері көзделген. Егер алушы жоғарыда аталған талаптардың бірнешеуіне бірдей сәйкес келсе, мәні ең жоғары түзету коэффициенті қолданылады.

55 жасқа толған және өздері үшін жиынтығында кемінде 84 ай бойы МКЗЖ төленген адамдарға зейнетақы төлемдерін есептеу және жүзеге асыру кезінде:

  • зейнетақы төлемінің мөлшеріне қатысты ЕТК-нің кемінде 70%-ын құрауы тиіс деген ең төменгі шек қолданылмайды;
  • түзету коэффициенттері қолданылмайды;
  • жеке зейнетақы шотындағы ЕТК-нің 70%-ынан аз қалдық кезекті зейнетақы төлемінің сомасымен бірге төленбейді.

Айта кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

 

Егер БЖЗҚ-дан төлем жүзеге асырылатын күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаса, жинақтар біржолғы төлем түрінде беріледі.

3) Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда және қашан жүгіну қажет?

Зейнет жасына толуына байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақыны тағайындату үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) уақытылы жүгінуі қажет. Өтінішті зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын беруге болады. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады. Бұл ретте алушы зейнет жасына толған болса, ХҚКО-да өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн өтініш берілген күн болып есептеледі. Ал егер өтініш зейнет жасына толғанға дейін берілсе, зейнет жасына толған күн өтініш берілген күн болып саналады. Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны алу үшін уақытылы жүгінудің маңызы ерекше. Себебі оны тағайындау кезінде алушы ұсынған құжаттар негізінде еңбек өтілін тексеру қажет. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдері өмір бойы, ал БЖЗҚ-дан алушының зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 50 жасқа толған немесе мүгедектігі бар адамдар ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ның сайтындағы немесе мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы, сондай-ақ Қордың кеңсесіне барып өтініш бере алады.

 

4) Қандай жағдайларда ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері автоматты түрде тағайындалады?

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдері ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта және БЖЗҚ-ның зейнетақы қағидаларында айқындалған тәртіп пен талаптар бойынша жүзеге асырылады. Осыған байланысты 2026 жылғы наурыз айынан бастап зейнет жасына толған, БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар, бірақ бұған дейін 50 жасқа толуына немесе мүгедектігіне байланысты оларды алу үшін Қорға өтініш бермеген адамдарға ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін өтінішсіз тағайындау тәртібі енгізілді.

ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін (жинақтары болған жағдайда) өтінішсіз жүзеге асыру тәртібі мыналарды көздейді:

  • азамат зейнет жасына толуына байланысты мемлекеттік бюджеттен зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен төлемдер алу үшін белгіленген тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген кезде БЖЗҚ-ның ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін автоматты түрде тағайындауы;
  • Мемлекеттік корпорациямен жыл сайын жүргізілетін салыстырып-тексеру нәтижелері бойынша проактивті қызмет аясында ЕЗЖ есебінен төлемдерді жүзеге асыру. Бұл ретте әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде аталған адамдарға мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және (немесе) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің тағайындалғаны туралы мәліметтердің болуы тексеріледі.

 

5) Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз белгіленуіне байланысты зейнетақы жинақтарын алу үшін қайда жүгіну қажет?

Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне жүгіне алады. Сондай-ақ Қордың ресми сайтындағы (enpf.kz) немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, өтініш беруге болады.

Назар аударыңыздар! БЖЗҚ-да бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар үшін көшпелі қызмет көрсету ұйымдастырылған. Бұл ретте алдын ала кеңес беріледі, оның ішінде Қор қызметтерін маманның баруынсыз, қашықтан алу мүмкіндігі де тексеріледі.

6) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеуге қажетті құжаттардың тізімімен қайдан танысуға болады?

БЖЗҚ-ның enpf.kz ресми сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері» бөлімінде зейнетақы төлемінің түріне және құжаттарды ұсыну тәсіліне қарай қажетті құжаттардың тізбесі, оларды ресімдеуге қойылатын талаптар, өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сондай-ақ сенімхат үлгісі орналастырылған.

Сонымен қатар сайттың «Онлайн-сервистер» бөлімінде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу үшін ұсынылатын құжаттарды алдын ала тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Сервистің атауы – «Төлемге арналған құжаттарды алдын ала тексеру»:  https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/checkdoc.php    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

19 октября 2026
Орманды қалпына келтіру жобасы таныстырылды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «PARADIGM SHIFT» ЖШС бас директоры Жанәділ Талдыбаевпен кездесті. Кездесуде өңірде 100 мың гектар аумақты қамтитын орманды қалпына келтіру жобасы таныстырылды.

Жобаның мақсаты – бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының шаруашылық айналымына тартылмаған, орман өсіруге жарамды жерлерін қалпына келтіру. Инвесторлардың ұсынысына сәйкес жалпы құны 80 млрд теңге болатын жоба жеке инвестициялар мен халықаралық климаттық қаржыландыру есебінен жүзеге асырылмақ.

Бағдарлама 12 жылға жоспарланған. 2027 жылы алғашқы 1000 гектар жерге ағаш отырғызу, кейін жыл сайын 8–9 мың гектар аумақты ормандандыру ұсынылып отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда 264 миллион түп ағаш отырғызылып, жылына 22 миллионнан астам көшет өсіретін тұқымбақ құрылады.

Инвесторлардың есебінше, ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынды кезеңінде 2000-ға дейін маусымдық, ал тұрақты негізде 300–400 жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Кездесуде жер учаскелерінің радиациялық қауіпсіздігін бағалау, ағаштарды күтіп-баптау және өртке қарсы инфрақұрылымды қамтамасыз ету мәселелері  де талқыланды.

«Абай облысы – табиғи ресурстарға бай өңірлердің бірі. Орман қорын сақтау, қалпына келтіру және табиғи экожүйелерді қорғау мәселелері біздің ерекше назарымызда. Мемлекет басшысының орманды қайта қалпына келтіру бойынша берген нақты тапсырмасы бар. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Біз орманды қалпына келтіруге қатысты жаңа бастамалар мен тиімді тәжірибелерді қарастыруға ашықпыз. Сіздер ұсынып отырған жобаның өңір үшін маңызы зор. Сондықтан оны жан-жақты зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға және нақты ұсыныстарды қолдауға дайынбыз», – деді Берік Уәли.

Ұсынылған жоба бойынша жер мемлекеттік меншікте сақталады. Орман алқаптарын күтіп-баптау, қорғау және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру инвестор есебінен жүргізіледі. Жер учаскелерінің жарамдылығы тиісті зерттеулер мен радиоэкологиялық қорытынды негізінде анықталады.

«Біз үшін ең маңыздысы – орман отырғызумен ғана шектелмей, оның ұзақ мерзім сақталуын қамтамасыз ету. Сондықтан жоба аясында ағаштарды күтіп-баптау, өрттен қорғау және тұрақты мониторинг жүргізудің кешенді жүйесін қалыптастыруды ұсынып отырмыз. Орман алқаптарының көмірқышқыл газын сіңіру көлемі тәуелсіз халықаралық аудит арқылы расталады. Бұл жобаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, табиғатты қалпына келтіру жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жалғастыруға мүмкіндік береді», – деді «PARADIGM SHIFT» ЖШС бас директоры Жанәділ Талдыбаев.

 

 

 

19 октября 2026
Абай облысында құтқарушыларға құрмет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Құтқарушылар күніне орай азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы адам өмірін арашалап, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарының қажырлы еңбегі мен ерлігін ерекше атап өтті.

«Ел қауіпсіздігі – мемлекет тұрақтылығының берік негізі. Ал сол қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ететін құтқарушылардың қажыр-қайраты мен кәсібилігі – халқымыздың сенімді тірегі. Мемлекет басшысы айтқан «Әрбір азамат Отаншыл болуы керек» деген сөздің нақты айғағы сіздерсіздер! «Ерлік – білекте емес, жүректе» деген тағылымды сөз сіздердің күнделікті қызметтеріңізден айқын көрініс табады. Өйткені, құтқарушы болу – қауіп-қатерге қаймықпай қарсы тұрып, өзгенің өмірі үшін жауапкершілік арқалау, ел басына күн туған сын сағатта батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсету. Адам өмірін сақтап қалуды азаматтық парыз, ел амандығын басты мұрат еткен сіздердің абыройлы еңбектеріңіз қашанда жоғары құрметке лайық», – деді Берік Уәли.

Салтанатты жиында қызметтік міндеттерін адал орындап, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Атап айтқанда, Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Алмас Сүлейменовке «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Евгений Одинцовқа «Құтқарушы» төсбелгісі, Семей қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Берік Омаровқа «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісі табысталды. Азаматтық қорғау органдарында 25 жыл еңбек еткен ардагер Сергей Құнанбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға министрліктің алғыс хаты берілді. Сондай-ақ, шара барысында төтенше жағдай қызметкерлеріне екі қызметтік көлік табысталды.

Өңірде азаматтық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы Семей қаласында заманауи технологиялар негізінде салынған жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Биыл Алакөл көлінің жағалауында заманауи құтқару станциясы мен модульдік құтқару капсуласы іске қосылды. Бұл нысандар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары құтқару қызметтеріне 18 техника, 96 сирена-сөйлеу құрылғысы, 56 ұйымдастыру техникасы мен кеңсе жабдығы, сондай-ақ 1141 жабдық пен жарақ сатып алынды.

Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025–2026 жылдары «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдардың қарамағында 30 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл шалғай ауылдардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге және төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

 

 

19 октября 2026
Семейде халықаралық «Сабантой» мерекесі өтеді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Милли Шура» Дүниежүзілік татар конгресі төрағасының орынбасары, Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресі төрағасы Тауфик Кәрімовпен және Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресі өкілі Рафаэль Хазиповпен кездесті.

Кездесу барысында 2027 жылғы маусым айында Семей қаласында XVII республикалық халықаралық «Сабантой» мерекесін өткізу жоспарланып отырғаны айтылды. Тараптар алдағы іс-шараның маңызына тоқталып, оны жоғары деңгейде өткізуге қатысты ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар аталған мереке аясында Абай облысы мен Татарстан Республикасы арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Сабантой» – татар және башқұрт халықтарының ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін дәріптейтін, бірлік пен достықты нығайтатын маңызды мерекелердің бірі.

Аймақ басшысы бұл шараны Семей қаласында өткізу өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға, мәдени байланыстарды дамытуға және халықтар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Айта кетейік, бүгінде Абай облысында 12 мыңға жуық татар ұлтының өкілі тұрады. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің қызметі мен мәдени іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға үлес қосып келеді.

19 октября 2026
Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында аудандардағы сауда нысандарын жаңғырту жұмыстарының барысы мен әлеуметтік төлемдердің жаңа қағидаттары мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек баяндады.

Облыста сауда нысандарының сыртқы келбетін жақсарту, маңдайшаларын жаңарту және іргелес аумақтарды абаттандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биылғы 9 маусым мен 9 шілде аралығында өңірдің 10 ауданы мен Курчатов қаласындағы сауда нысандарына мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысы бойынша нысан иелеріне қасбеттерді жөндеу, маңдайшаларды жаңарту, ескірген жарнамалық материалдарды алып тастау және іргелес аумақтарды абаттандыру жөнінде ұсыныстар мен ескертулер берілді.

Ақсуат, Үржар және Көкпекті аудандарында жұмыстар толық орындалды. Аталған аудандарда сауда нысандарының қасбеттері мен маңдайшалары жаңартылып, аумақтарды тазалау және ретке келтіру шаралары жүргізілді. Қалған аудан-қалаларда бұл бағыттағы жұмыс жандандыруды қажет етеді.

Алдағы уақытта да сауда нысандарының сыртқы келбетін жақсарту, бірыңғай әрі көрікті қалалық және ауылдық ортаны қалыптастыру, тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Басты мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, облыс елді мекендерінің көркін арттыру.

Аймақ басшысы жиында кәсіпкерлік басқармасына, аудан және қала әкімдеріне 1 желтоқсанға дейін сауда нысандарындағы анықталған кемшіліктерді толық жоюды, жөндеу және абаттандыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

«Сауда нысандарының сыртқы келбеті талапқа сай болуы, іргелес аумақтардың тазалығы және абаттандырылуы елді мекендердің келбетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға формалды түрде қарауға болмайды. Бұған дейін барлық аудандар мен Курчатов қаласында мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ескертулер берілді. Алайда, қайта тексеру нәтижелері көрсеткендей, бірқатар өңірлерде тапсырмалар толық орындалмаған. Аудан және қала әкімдері кәсіпкерлік нысандарының иелерімен заң аясында түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, нысандардың қасбеттерінің заман талабына сай болуы талап ету қажет», – деді Берік Уәли.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілі өзгереді. Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіндегі өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі жиында әлеуметтік қолдау реформасының негізгі ережелерін халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 

18 октября 2026
Бородулиха ауданында су құбыры жаңартылды

Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында су құбырындағы апаттық жағдайлардың алдын алу және сумен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында магистральдық желінің 2,5 шақырымы ауыстырылды.

Жаз мезгілінде ауылда су беруде үзіліс болып, әсіресе елді мекеннің таулы жағында тұратын тұрғындар қиындыққа тап болған еді. Су тұтыну көлемінің артуы және маусым айында магистральдық құбырда бірнеше рет апаттың орын алуы жағдайды күрделендірді.

Петропавловка ауылын сумен қамтамасыз ететін «Белағаш топтық су құбыры» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының магистральдық желісі 2000 жылы пайдалануға берілген. Ұзындығы 27 шақырым болатын су құбыры алты елді мекенді сумен қамтиды. Атап айтқанда, Зенковка, Орловка, Шелехово, Жаңа-Ауыл, Петропавловка және Зубаир ауылдары. Қазіргі уақытта желінің бірқатар учаскесі тозғандықтан, апаттық жағдайлар мен су шығыны жиілеген.

Облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауымен магистральдық су құбырының ең проблемалы учаскесін жөндеуге қаржы бөлінді.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында Зенковка ауылынан Петропавловка ауылы бағытындағы тозығы жеткен құбырдың 2,5 шақырымы ауыстырылды.

Жаңартылған учаске су шығынын азайтып, құбырдағы апаттық жағдайлардың қайталану қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Қыркүйек айының ортасынан бастап Петропавловка ауылының барлық бөлігінде су тәулік бойы беріліп келеді.

17 октября 2026
Абай облысында Республика күніне орай «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді

Абай облысында Республика күні қарсаңында 2026 жылғы 17 қазаннан бастап, 27 қазанды қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Акция аясында
сатып алушыларға төмендетілген бағамен тауарлардың кең ассортименті ұсынылады.

         Мерекелік ұсыныстардың ең ауқымды кезеңі 21–27 қазан аралығына жоспарланған. Акциялық бағдарламалардың, арнайы баға ұсыныстары мен мерекелік жаппай сатылымдардың басым бөлігі осы күндері өтеді. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.

         Жалпыреспубликалық науқанға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бастамашы болды.

         Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған акциялар халыққа қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға және ішкі сауданың дамуына қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілердің өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.

Абай облысының аумағында «Republic Day» және «Bereke Fest» акцияларына қатысатын сауда объектілерінің толық тізбесімен және олардың мекенжайларымен төменде танысуға болады.

 

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

«Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акцияларына қатысатын сауда объектілерінің тізбесі

 

«Republic Day»:

«Park City» (Момышұлы көшесі, 20А), «Арғымақ» (Засядько көшесі, 89), «Аркада» (Засядько көшесі, 88), «Жансая» (Найманбаев көшесі, 211), «Көктем» (Глинка көшесі, 16А), «Мереке» (Уәлиханов көшесі, 122), «Алатау» (Найманбаев көшесі, 189), «Ақшың» (Засядько көшесі, 65), «Апрель» (Қабылбаев көшесі, 3), «Қазына» (Шугаев көшесі, 28).

«Bereke Fest»:

«Дастархан» (Момышұлы көшесі, 20А; Шугаев көшесі, 10; Құнанбаев көшесі, 1А; Қабылбаев көшесі, 3; 342-квартал, 8), «Small»                  (Найманбаев көшесі, 189; Әуезов даңғылы, 5; Момышұлы көшесі, 34А; Шугаев көшесі, 28; Қарқаралы көшесі, 22А; Спартак көшесі, 1), «ADAL SUPERMARKET» (Шәкәрім көшесі, 75; Докучаев көшесі, 5; Жаңасемей көшесі, 35; 72-квартал, 14; Сәтбаев көшесі, 186; Құнанбай көшесі, 46; Титов көшесі, 140; Өскемен көшесі, 11/2).

 

16 октября 2026
Үржар ауданында Жедел басқару орталығы құрылды

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар аудандық полиция бөліміне барып, Жедел басқару орталығын құру және заманауи бейнебақылау жүйесін енгізу жұмыстарымен танысты.

Жоба аясында 54 сыртқы стационарлық және 18 айналмалы бейнебақылау камерасы, сондай-ақ, 3 ішкі камера орнату көзделген. Бұдан бөлек көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын өлшейтін 5 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Жаңа техникалық жабдықтар аудан аумағындағы қоғамдық орындар мен жол қозғалысын бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жедел басқару орталығы бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты жедел өңдеуге, оқиғалар туралы мәліметтерді уақтылы алуға және тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге жағдай жасайды. Бұл төтенше жағдайлар мен өзге де оқиғаларға жедел ден қоюға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Жоба туралы облыс әкіміне Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров пен цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы баяндады.

Қазіргі уақытта Үржар ауданындағы білім беру ұйымдарының 22 нысанындағы 400 бейнебақылау камерасы Жедел басқару орталығына қосылған. Алдағы уақытта орталыққа тағы мыңға жуық камераны қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында базарлар, дүкендер және адам көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындар бар.

Айта кетейік, Жедел басқару орталығында бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиясы енгізілген. Соның негізінде тестілеу режимінде үш күнде 6444 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Аймақ басшысы орталықтың жұмысын ұйымдастыруда заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдарының қызметін цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үржар ауданында Жедел басқару орталығы жұмысын бастап жатыр. Жобаны іске асыру аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға және түрлі оқиғаларға жедел ден қою мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жобаның тағы бір маңызды бағыты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру. Жылдамдықты өлшейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнату жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылауға, белгіленген жылдамдық режимін бұзу деректерін анықтауға және жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін төмендетуге бағытталған. Бұл өз кезегінде жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жолдардағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Бейнебақылау жүйесін енгізу құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Құтты болсын. Сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.

Үржар ауданында Жедел басқару орталығын салу және заманауи бейнебақылау жүйесін енгізу – қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба.

 

16 октября 2026
Үржар ауданында жаңа өндіріс орындары көбейіп келеді

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданының орталығы Үржар ауылындағы «Сұңқар» ЖШС-нің ұн және күнбағыс майын өндіретін зауытының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын басшысы Ақиқат Кәрімұлының бастамасымен аудан орталығында жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Күнбағыс майын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылды. Кәсіпорынның тәулігіне 500 тоннаға дейін шикізат өңдеуге мүмкіндігі бар. Өндіріс нәтижесінде тәулігіне 230 тонна күнбағыс майы мен 250-270 тонна күнжара өндіре алады. Зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар құны 650 млн теңге болатын ұн өндіру зауыты да іске қосылуға дайын. Кәсіпорын тәулігіне 60 тоннаға дейін ұн өндіреді. Жоба аясында тағы 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Аймақ басшысы жаңа өндіріс орындарының аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, отандық өнім өндірушілерді қолдау қажеттігін айтты.

«Үржар ауданында өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың іске қосылуы – аудан тұрғындары үшін айтулы жаңалық. Бұл жобалардың іске қосылуы – Үржар ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, жергілікті өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға зор мүмкіндік береді. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады. Бірақ күнбағыс өнімдеріне байланысты жергілікті диқаншылардың сұранысына сай бағаны қою керек. Соны ескеріңіздер. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деді Берік Уәли.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы