Абай облысында мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бүгінде Комитет елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік дамуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда маңызды рөл атқара отырып, салық және кеден салаларындағы негізгі міндеттерді орындайды.
Іс-шарада салық және кеден органдарының ардагерлері көп жылғы қажырлы еңбегі үшін Құрмет грамоталары, мерекелік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер комитетінің ерекше көзге түскен қызметкерлері органдардың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
💬Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев өзінің құттықтау сөзінде салық экономиканың маңызды саласы екенін атап өтті.
«Мемлекеттік кірістер органдары – экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды сала. Бүгінгі таңда салық қызметі де заман талабына сай дамып, көрсетілетін қызмет түрлері электронды жүйеге көшті. Осы орайда, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген өздеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі алға қойған мақсат-міндеттердің сапалы орындалуы жолында бірлесе табанды еңбек етеміз деп сенемін», - деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті 10 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы № 933 қаулысымен салық және кеден қызметтерін, сондай-ақ экономикалық тергеу қызметтерін біріктіру жолымен құрылған болатын. 2022 жылғы 11 шілдеде Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті құрылды. Қазіргі таңда Департаментте 19 басқарма, 12 аумақтық басқарма жұмыс істейді.