Мақаншы ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда

Мақаншы ауданында  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда

Мақаншы ауданындағы айдынды Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті.

Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен барлық мекемелерінен 500-ден астам адам қатысып, 28 гектар аумақта жұмыс жасалды. Акцияға жергілікті тұрғындардан бөлек, 8 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 40 тонна қоқыс шығарылды. 800 келіге жуық бояу жұмсалып, 5 мың метрге жуық қоршау сырланып, әктелді.

Алдағы туристік маусымға толық дайындықты қамтамасыз ету үшін айдынды Алакөл жағалауында мамыр айында тазалық жұмыстары жалғасады.

Аудандық коммуналдық мекеме қызметкерлері осындай тазалық науқандарына атсалысумен қатар, жыл бойына Алакөл жағасын тазалауда.

Жалпы аудандық сенбіліктен қалыс қалмауға бел буған еңбек ардагері Нағима Жақиянова бірлесе атқарған еңбек халықты біріктіріп қана қоймай, тазалық жұмыстарының тиімділігін арттыратынын атап өтті.