
Семейде республикалық «Шахмат керуені» турнирінің облыстық кезеңі өтіп, оған 20-дан астам әуесқой шахматшы қатысты. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері Түркістан қаласында өтетін гранд-финалға жолдама алды.
«Шахматтан жеткен жетістіктеріміз халықаралық аренада үлкен танымалдылыққа ие. Сол үшін де аймақтардың қолдауы маңызды. Ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту үдерісіне тек шахматшылар ғана емес, барша жұртшылық, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері атсалысуы біз үшін өте маңызды. Себебі, шахмат қарапайым спорт түрі емес», - деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Ойын мобильді киіз үйде өтті. Сондай-ақ, мұнда гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы ұйымдастырылды. Нәтижесінде республикалық және халықаралық турнирлердің қатысушысы Арлан Абузуаров жеңімпаз атанды. Ол шахматты 7 жасынан бастап ойнаған. Болашақта жас шахматшы гроссмейстер атанғысы келеді.
Екінші орынды Фархад Мансұров жеңіп алса, Жақсылық Ақылбек үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар гранд-финалға жолдама алды.
«Шахмат керуені» аясында Абай облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Оның төрағасы болып Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов сайланды.
Жоба өңірлерде шахматты дамытуға ықпал етеді. «Шахмат керуені» турнирі Қазақстанның 20 облысында өтіп жатыр. Семей – осығанға дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодарды аралаған керуен жолындағы алтыншы қала.
Айта кетсек, Абай облысында 254 шахмат секциясы жұмыс істеп, 7850-ге жуық адам зияткерлік ойынға тартылған.