Абай облысында алғаш рет өңірлік азаматтық форум өтті

Абай облысында алғаш рет өңірлік азаматтық форум өтті

Азаматтық форум Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімін басталды.

 

Форум қытсушылары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, әкімдік қызметкерлері, еріктілер мен қоғам белсенділері өзекті мәселелерді шешудегі азаматтық қоғамның рөлін талқылады.

«Азаматтық форум – белсенді азаматтардың, сарапшылардың, қоғамдық пікір көшбасшылары мен әр сала өкілдерінің бір ортаға тоғысып, қоғамдық мәселелердің жауабын іздейтін алаңы. Бүгін білім, пікір, тәжірибе алмасу арқылы өзекті мәселелердің шешімін табатынымызға сенімдімін», - деді Шалқар Байбеков.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет азаматтық қоғам мен  қоғамдық-саяси саладағы азаматтық институтты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Парламент Сенатында қоғамдық мониторингтеудің қосымша құралы ретінде азаматтық қоғамның барлық функцияларын егжей-тегжейлі көрсететін «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң қарастырылуда. Осы заң шеңберінде барлық мемлекеттік органдарда ресми онлайн-петициялар институты іске қосылады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу жұмыстары оңай болмақ», - деді комитет төрағасы.

Жиын соңында облыстағы Үкіметтік емес ұйымдар «Құқық қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Волонтерлік қызмет саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Зерттеу қызметі саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» және т.б. номинациялармен марапатталды. Сонымен қатар қоғам белсінділеріне облыс әкімінің арнайы сыйлықтары табысталып, Ақпарат және қоғамдық даму министрі атынан алғыс хаттар берілді.

Азаматтық форумның жалғасы ретінде Абай атындағы кітапханада азаматтық қоғамды дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті.

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева: «азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдар мықты институт ретінде зор маңызға ие болуда», - деп атап өтті.

Абай облысының алғашқы Азаматтық форумының соңында қатысушылар азаматтық қоғам құру оңай емес, бірақ өте маңызды процесс, әсіресе мемлекеттің дамуына оң әсерін тигізеді деген қорытындыға келді.