
Әлемдік деңгейдегі кемеңгер, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында өткен XXIV Республикалық Абай оқулары өз мәресіне жетті. Додаға еліміздің 16 өңірінен 130-дан астам мектеп оқушылары қатысты.
Республикалық байқаудың қорытындысы жарияланды
Абай оқуларына қатысқан жас таланттар «Көңілім әнді ұғады», «Ұлылар әлемі», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты 6 номинацияда өз бақтарын сынады.
Байқау қорытындысы бойынша I дәрежелі дипломмен 13, II дәрежелі дипломмен 19 және III дәрежелі дипломмен 24 қатысушы марапатталды.
Сондай-ақ, «Абай оқулары» сайысы барысында қатысушылар үшін Семей қаласының көрікті жерлеріне және Жидебайдағы Абай қорық-музейіне экскурсия ұйымдастырылды.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін салған ақынның шығармашылығын насихаттауға бағытталған «Абай оқулары» республикалық байқауы 2000 жылдан бері өткізіліп келеді. 24 жыл ішінде 3000-ға жуық оқушы өз бақтарын сынап, оның 1100-ден астамы жеңімпаз атанды.