
Абай облысында жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасында XXIV республикалық «Абай оқулары» байқауы басталды. Байқауға еліміздің 16 өңірінен 131 оқушы, 27 жетекші қатысады.
Байқаудың мақсаты – қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.
7 тамыз күні Семей қаласы Абай алаңындағы ұлы ақынның ескерткішінің маңына гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, XXIV республикалық Абай оқуларының ашылу салтанаты 8 тамыз күні Қарауыл ауылының мәдениет үйінде өтеді.
Жас абайтанушылар Абай ауданының тарихи мәдени орындарына: Бөрлідегі Мұхтар Әуезовтың мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне, «Еңлік – Кебек» ескерткішіне барады.
9 тамызда конкурсқа қатысушылар «Көңілім әнді ұғады», «Ұлылар әлемі», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинацияларына қатысады.
Байқаудың қорытынды кезеңі 9 тамыз күні Абай аудандық мәдениет үйінде өтеді.