Құтқарушылар белгіленбеген жерлерде суға түсу қауіпті екенін ескертті

Құтқарушылар белгіленбеген жерлерде суға түсу қауіпті екенін ескертті

Өңірдегі су қоймаларында адам шығынының алдын алу мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дәурен Ағажаев Абай облысының ӨКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында атап өткендей, статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы су айдындарына 20 адам батып кеткен, оның төртеуі балалар.

– Ең көп өлім-жітім Ертіс өзенінде – 12 адам (Семей қаласы – 10 адам), қалған жағдайлар табиғи су қоймаларында – 8 адам тіркелді. (Шүлбі су қоймасы – 2, Шар өзені – 1, Алакөл көлі – 4, Арасан көлі – 1). Бұл жағдайлар белгіленбеген жерлерде суға түсу, шомылуды білмеу, өз күші мен қабілетін бағаламау, балаларды қараусыз қалдыру және мас күйінде суға түсу салдарынан туындады, - деп атап өтті Дәурен Ағажаев.

Бұл ретте облыстың су айдындарында жаппай демалу үшін 10 учаске белгіленіп, 20 алаңда суға түсуге тыйым салынған. Бұл аймақтарда еріктілер мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен рейдтер, патрульдеу жұмыстары жүргізіледі.

– Суға түсу маусымы басталмас бұрын жағажайлардың тереңдігіне шолу жасау, арнайы қалқымалар, ескерту белгілерін, үгіт-насихат стендтерін қою, сондай-ақ құтқарушыларды оқыту жоспарлануда. Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың әкімдіктері 4 коммуналдық жағажай құруды жоспарлап отыр, олардың нақты иелеріне бекітіледі, - деп атап өтті Дәурен Ағажаев.

Сонымен қатар «Суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары» тақырыбында 10-ға жуық баннерлер мен 20 000 парақшалар сатып алып, тұрғындарға тарату жоспарлануда.