Абай облысында Жеңіс күніне қандай іс-шаралар өтеді

Абай облысында Жеңіс күніне қандай іс-шаралар өтеді

️Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 78 жыл толады. Жыл сайын осы күнге орай ардагерлермен кездесу кештері, концерттер, патриоттық байқаулар мен сағаттар өткізіледі. Абай облысында мерекеге орай 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылады.

4-9 мамыр аралығында Семей қаласының орталық кітапханасында және оның бөлімшелерінде «Абырой даңқы мәңгілік» атты көрмелер циклі өткізіледі.

5-10 мамыр аралығында Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханаға келушілерді «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты ауқымды кітап көрмесі күтіп тұр.

Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театры 6 мамыр күні сағат 17:00-де мерекеге орай сахналық қойылым көрсетеді. Аягөз ауданының орталық кітапханасында жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Қайсеновтың туғанына 105 жыл толуына орай «Жау тылындағы бала» атты оқырман конференциясы, сондай-ақ «Ерлікке тағзым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады.

8 мамыр Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайы келушілерді «9 мамыр – Жеңіс күні» әдеби кешіне шақырады. Сол күні таңғы сағат 10-да Ақсуат ауданының орталық кітапханасы «Жеңістің рухы - биік, даңқы – мәңгілік» атты кітап көрмесін ашады. Кешке Курчатовтағы Ертіс өзенінің жағасында «Жеңіс көріністері» патриоттық акциясы өтеді.

9 мамырда Семей мұражайлары «Ашық есік күнін» өткізеді, келушілер үшін музейге кіру тегін болады. Таңертеңгі сағат 10-да Семейдегі Жеңіс саябағында Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылады, содан кейін «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс!» атты патриоттық әндер фестивальі басталады. Іс-шара қолөнершілер мен суретшілер жәрмеңкесімен, сондай-ақ «Ашық микрофон» форматында әскери әндерді орындаумен сүйемелденеді.