2023 жылы ArtSport бағдарламасымен 5000 нан астам бала қамтылады

2023 жылы ArtSport бағдарламасымен 5000 нан астам бала қамтылады

Ағымдағы жылы Абай облысында «ArtSport» бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл 5 283 баланы тегін спортпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында спорттың 16 түрі бойынша 46 үйірме жұмыс істейді. Айта кетейік, 2022 жылы ArtSport 3 625 баланы қамтыды.

Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбековтің айтуынша, облыста түрлі спорт мекемелері ашылды, соның ішінде бірінші кезекте мүгедектігі бар азаматтар қамтылады.

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Қайнар және Ақсуат ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Көкпекті және Бородулиха ауылдарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, 2023-2025 жылдары «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында облыста 2 жобаны іске асыру басталады, оның ішінде Абай ауданы Көкбай ауылында, Үржар ауданы Таскескен ауылында спорт модульдерінің құрылысы басталады», - деп атап өтті Шалқар Байбеков.

Айта кетейік, Абай облысында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға жіті көңіл бөлінеді. Өткен жылы облыстың аудандары мен қалаларында 122 763 адамның қатысуымен 1 075 спорттық іс-шара өткізілді, оның ішінде халықаралық және республикалық чемпионаттар да бар.