Биыл Абай облысында 235 шақырым жол жөнделеді

Биыл Абай облысында 235 шақырым жол жөнделеді

Жөндеу жұмыстарымен облыстық маңызы бар жолдар, сондай-ақ облыс орталығы Семей қаласының көшелері қамтылады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асылбек Нугманов атап өткендей, биыл бұл мақсатқа 9,9 млрд теңге бөлінді.

- Жалпы ұзындығы 235,2 шақырымды құрайтын 35 учаскені орташа жөндеу күтілуде. Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 77,4 шақырымды құрайтын 33 жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын мамыр айында бастап, ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда,- деді Асылбек Нугманов.

Сонымен қатар Семей қаласында 2023 жылға жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 32 көше жолын орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірінде кеуекті мастикалық асфальтбетон-10 қоспасын қолдану арқылы ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ аспалы көпірді күтіп ұстауға күзет, камералар жұмысын бақылау, лифт жабдықтарына техникалық қызмет көрсету, металл конструкцияларды жөндеу, жуу және сырлау жұмыстары кіреді.